$ 545.01  642.84  6.52
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Министр азық-түлік бағасы туралы: жасанды интеллект те көмектесе алмайды

Экономистердің болжамына сүйенсек, азық-түлік 2,5-3% шамасында қымбаттайды дейді министр

Министр азық-түлік бағасы туралы: жасанды интеллект те көмектесе алмайды
Фото: видеодан скриншот

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев азық-түлік бағасы нақты қашан және қаншаға көтерілетінін нақты болжап айту мүмкін емес екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мен экономистердің болжамы бар екенін айттым. Әрине, өзгеріс болады. Экономистер азық-түліктің 2,5-3% шамасында қысқа мерзімді қымбаттайтынын айтып отыр. Бұл салық режимдері мен есептік мөлшерлемелердің өзгеруіне байланысты», – деді Шаққалиев Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, тауарлар тізімі бойынша талқылау әлі жалғасып жатыр. Бизнес өкілдері де өз уәждерін келтіруде. Министрдің пікірінше, талқылау қорытындысы бойынша теңгерімді шешім қабылданады.

Шаққалиев маусымаралық кезеңде баға әрқашан құбылатынын атап өтті.

«Менің сауда министрі ретіндегі міндетім – сөрелерде әртүрлі ассортименттегі, сападағы және бағалардағы тауар болуын қамтамасыз ету және әлеуметтік осал топтарға қолжетімді болуын қадағалау», – деді ол.

Министр баға қашан және қаншалықты өзгеретінін алдын ала айту мүмкін еместігін айтты.

«Ертең не болатынын, өкінішке қарай, айта алмаймын. Бұл жерде тіпті жасанды интеллект те бізге көмектеспейді – яғни нақты күнін, уақытын анықтап, бағаның белгіленген шеңберден шықпайтынына кепілдік бере алмайды. Мұны тек түпкілікті тізім анықталып, макро және микроэкономикалық факторлар белгілі болғаннан кейін ғана айтуға болады. Сол кезде ғана белгілі бір кезеңде бағаны тұрақтандыру үшін қандай шаралар қабылдау қажет екенін айта аламыз», – деп түйіндеді сөзін Шаққалиев.

Серіктес жаңалықтары