«Нұр-Әлем» сферасында халықаралық Alem.AI орталығы жұмыс істейді
Астанада EXPO шарында салынып жатқан халықаралық Alem.AI жасанды интеллект орталығы қазан айында ашылады. Бұл туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Халықаралық Alem.AI жасанды интеллект орталығын құруға ерекше көңіл бөлінеді, ол білім, ғылым, бизнес және мемлекеттік технологияларды біріктіреді. Орталықтың ашылуы осы жылдың қазан айында Digital Bridge аясында өтеді», - деді Мәдиев Үкімет отырысында.
Оның ішінде ашық кеңістіктер, оқушылар мен студенттерге арналған оқыту алаңы, стартаптар мен акселерацияға арналған кеңістік, ғылыми зерттеулер жүргізетін орын, мемлекеттік басқаруға арналған цифрлық шешімдер орталығы болады.
Бұған дейін Астанада EXPO көрмесі аумағындағы «Нұр-Әлем» сферасында «Болашақ энергиясы» музейінің орнына халықаралық Alem.AI орталығы салынатынын жазған едік. Музейдегі экспонаттар білім мекемелеріне беру жоспарланған.