Әкімдер енді ұлттық парктерде туристік нысан сала алады - жаңа құжат
Ал әкімдіктерге ұлттық парктерде туристік инфрақұрылым салу құқығы берілді

Болашақта қазақстандық фермерлер ауыл шаруашылығына арналған жерлерінде шағын қонақ үйлер салып, агротуризммен айналыса алады. Бұл туралы туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, елімізде курорттық аймақтарды дамыту жөніндегі жол картасының жобасы дайындалды. Бұған қоса шетелдік туристерді тарту үшін Алматы тау кластерін дамытуға арналған Кешенді жоспар әзірленген. Құжатта жеті бағыт бойынша 72 іс-шара көзделген.
«Жоспарда тау кластерінің жаңа аймақтарын дамыту бар. Сонымен қатар, «Шымбұлақ» пен «Ой-Қарағайды» біріктіретін бірыңғай тау-шаңғы жүйесін құру қарастырылған. Туристік саланы дамыту үшін заңнаманы жетілдіру жұмыстары жүріп жатыр», - деді министр Үкімет отырысында.
Сондай-ақ әкімдіктерге елді мекеннен тыс аумақта, соның ішінде ұлттық парктерде туристік инфрақұрылым салу құқығы берілген.
«Фермерлерге ауыл шаруашылығы жерлерінде жеңіл құрылыстар мен аз қабатты қонақ үйлер салып, агротуризммен айналысу мүмкіндігі қарастырылуда», - деді Мырзабосынов.
Бұдан бөлек, қонақ үйлерге жұлдыз беру жүйесін реформалау, туристік автобустарға шекарада «жасыл дәліз» енгізу; курорттық аймақтарды дамыту және реттеу, мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру көзделген.