10 жылдан кейін Қазақстанда «бюджет тапшылығы» деген проблема болмайды
Өйткені бюджеттің кірісі шығысынан көп болады дейді Үкімет

Бүгін Үкімет отырысында вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстанның 2026-2035 жылдарға арналған ұзақ мерзімді даму болжамын таныстырып, алдағы он жылда ел экономикасы қаншаға өсіп, бюджеттің кірісі мен шығысы қалай өзгеретінін көрсетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкіметтің ұзақмерзімді даму жоспары жаңа Бюджет кодексін іске асыру үшін әзірленген. Болжам Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының қаржылық қамтамасыз етілу көлемін айқындайды.
«Құжатта ұзақ мерзімді дамудың үш нұсқасы қаралған: базалық, қалыпты және балама. Балама нұсқадағы экономиканың 10 жылдағы орташа өсімі – 5,1%, қалыптыда 4,3% деңгейінде болжанып отыр. Ал базалық нұсқада 10 жыл ішінде ЖІӨ-нің орташа жылдық өсімі 4,5% болады. Номиналды жалпы ішкі өнім 2035 жылы 473,2 трлн теңгеге дейін ұлғаяды», - деді Жұманғарин.
Министрдің айтуынша, 2035 жылы мемлекеттік бюджеттің кірісі 66,8 трлн теңгеге дейін ұлғаяды. Ал Ұлттық қордан бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферт 2029 жылдан бастап қысқарып, жылына 2 трлн теңгеге дейін төмендейді. Бұған қоса он жылдан кейін бюджеттің кірісі шығысынан артып, бюджет тапшылығы жойылады.
«Бюджет тапшылығы 2029 жылы ЖІӨ-ге қатысты біртіндеп 0,4%-ға дейін төмендеп, 2030 жылдан бастап нөлдік деңгейге жетеді деп болжанып отыр», - деді ол.
Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының қаржылық қамтамасыз етілу көлемі республикалық және жергілікті бюджеттердің шығыстарын ескере отырып, 2026 жылы 37,4 трлн теңгені, 2027 жылы – 39,6 трлн теңгені, 2028 жылы 41,6 трлн теңгені құрайды.
Ал Ұлттық қордың таза валюталық активтері 2026 жылы 60,8 млрд доллардан 2035 жылы 109,9 млрд долларға дейін өседі деп болжанып отыр.