Қыс жақындап келеді: Қазақстан жылу беру маусымына дайын ба
Энергетика көздерін жөндеуге 376,7 млрд теңге бағытталған

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық қалай жүріп жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрдің ақпаратынша, биыл жүйелік оператор бекіткен кестесеге сәйкес электр станцияларында 10 энергия блогын, 63 қазандық пен 39 турбинаны жөндеу жоспарланған.
«Қазір 4 энергия блогында, 31 қазандықта және 20 турбинада жөндеу жұмыстары әртүрлі кезеңдерде жүргізіліп жатыр. 5 энергия блогында, 22 қазандықта және 12 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. Энергетика көздері бойынша жөндеу жұмыстарына 376,7 млрд теңге игеру жоспарланып отыр, бұл өткен жылғы деңгейден 13 пайызға көп», - деді Ақкенженов Үкімет отырысында.
Сонымен қатар жалпы ұзындығы 17 мың км электр беру желілерін, 420 қосалқы станцияны, 3,5 мың тарату пункттерін және трансформаторлық қосалқы станцияларды жөндеу жоспарланған. Қазір электр беру желілерінің 77%-ы, қосалқы станциялардың 68%-ы және тарату пункттері мен трансформаторлық қосалқы станциялардың 73%-ы жөндеуден өткен.
Жылумен жабдықтау желілерінде 323 км жылу желілерін реконструкциялау және күрделі жөндеу бойынша жөндеу жұмыстары жоспарланған. Соның 215 шақырымы немесе 66% орындалды.
«Барлық жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталады»,- деп сендірді ведомство басшысы.