Қазақстанда ет тапшы емес – вице-министр
Министрлік ет экспортын әрі қарай ұлғайта бермек

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов елімізде ет жеткілікті екенін және келешекте тапшылық болмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бізде ет тапшы емес, бұл жайлы министр де айтқан, мұны сандар да растайды. Біз өзіміз қалаған деңгейдегі экспортқа қарай бет алып келеміз, бұл қосылған құны жоғары қайта өңделген өнім экспорты. Яғни ет түрінде, экспорт көлемі де артып келеді. Бұған дейін 60 мың тонна деген жоспар қойылған, менің ойымша, біз бұл көрсеткіштен де асып түсеміз», - деді Сұлтанов Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Вице-министр мал шаруашылығымен айналысатындар үшін жылдық 5% мөлшерлемемен қаржыландырудың жаңа бағдарламасы іске қосылғанын атап өтті. Бағдарлама 1 тамыздан бері жұмыс істейді.
Осыған байланысты Азат Сұлтанов мемлекеттік қолдаудың арқасында елімізде ет және мал тапшылығы болмайтынын айтып сендірді.