Енді YouTube пен TikTok-тан ақша тауып отырған қазақстандықтар бюджетке салық төлейді
Шетелдік компаниялар да еліміздің салық органына ақпарат ұсынады

YouTube пен TikTok арқылы табыс тауып отырған қазақстандықтар келесі жылдан бастап 10 пайыз салық төлейді. Бұл туралы қаржы министрі Мәди Тәкиев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, қазір елімізде интернет платформасы бар 179 компания тіркелген, биыл олардың жалпы түсімі 57 млрд теңге болды.
«Егер мысалы YouTube немесе TikTok біздің азаматтарға ақша төлесе, біз олардан жеке табыс салығын ұстаймыз. Егер сіз қаралымыңыз жақсы болып, жыл бойы TikTok-тан ақша алсаңыз, жыл қорытындысы бойынша декларацияда тапқан табысыңызды көрсетіп, 10 пайыз салық төлейсіз», - деді Тәкиев Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.
Министр YouTube, TikTok, Facebook сияқты компаниялар да өздері ақша төлеп отырған Қазақстан азаматтары туралы ақпаратты еліміздің салық органына тапсыратынын атап өтті.
«Бұл бізге салыстыру үшін қажет. Жалпы жеке тұлға декларацияны өз бетінше ұсынуға тиіс. Ал тапсырмаған жағдайда біз оның табысын тексеріп, оған декларация ұсыну туралы хабарлама жібереміз», - деп түсіндірді ведомство басшысы.