Министр қыркүйектен бастап Қазақстан оқушыларын қандай жаңалық күтіп тұрғанын айтты
Биыл 341 мың бала мектеп табалдырығын аттайды

Алдымыздағы жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі барлық мектепте жасанды интеллект енеді. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жаңа оқу жылының ерекшелігі – орта білім беру жүйесіне жасанды интеллект енеді. Ол үшін «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндеріне жасанды интеллект интеграцияланды, этикалық стандарттары бекітілді. 1-11-сынып оқушыларына арналған Дэй-оф-эй-ай («Day of Al») онлайн курстары және педагогтерге арналған курстар әзірленді», - деді министр Үкімет отырысында.
Сондай-ақ, қыркүйектен бастап «Келешек мектептері» моделін басқару жүйесі іске қосылады.
«Осы мақсатта «Келешек мектептерін» басқарудың және аккредиттеудің стандарттары әзірленген. Онда үш деңгейлі курстардан өткен 3 мыңнан астам педагог жаңа оқу жылында жаңаша жұмыс бастайды», - деді Бейсембаев.
Министрдің ақпаратынша, биыл елімізде 8 мыңан аса мектепте 4,1 миллион оқушы білім алады. Биыл 341 мың бүлдіршін 1-сыныпқа қабылданады. 11-ші сыныпқа 232 мың оқушы өтті.