Қазақстанда 10 жылу орталығы әлі «қызыл» аймақта тұр

Автор: Нұргүл Абай

Үш станса «сарыдан» «жасылға» өткен

Фото: istockphoto.com

Қазақстандағы жылу электр орталықтарының орташа тозу деңгейі 60 пайызға жуықтайды, ал 10 ЖЭО әлі «қызыл» аймақта тұр, яғни күрделі жөндеуді қажет етеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың айтуынша, елдегі жылу стансаларының орташа тозу деңгейі қазір – 60%-ға жуық. Министрлік 37 жылу электр орталығы бойынша жеке есеп жүргізеді екен.

«Былтыр 19 ЖЭО «қызыл аймақта» болса, қазір олардың саны 10-ға дейін азайды. Үш станса «сары аймақтан» «жасыл аймаққа» өтті, сондықтан бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр», - деді Есімханов Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында.

Айтуынша, негізгі жабдықтардың техникалық жағдайы соңғы екі жылда айтарлықтай жақсарған.

«Сол себепті бүгінгі таңда барлық ірі станциялардың орташа тозу деңгейі 61%-ды құрап отыр, бірақ біздің мақсатымыз – алдағы бес жылда тозу деңгейін станцияға байланысты 40–45%-ға дейін төмендету», - дейді министр орынбасары.

Бұған дейін елімізде күрделі жөндеу басталған жылу көздерінің тең жартысы әлі жөнделіп жатқаны хабарланған болатын.