Үйдегі кранның суы сағат сайын тексеріледі – министр
Техникалық ақау болған кезде судың сапасы нашарлап кетеді, дейді Нұржігітов

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов кран суының сапасы сағат сайын тексерілетінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкіметте өткен брифинге журналистер министрден «қазақстандықтар сүзгі орнатпай немесе бөтелкедегі суды сатып алмай, қашан кран суын іше алатынын» сұрады.
Нұржігітов бүгінде қала халқының 99,9 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілгенін атап өтті. Ал ауыл тұрғындары бойынша бұл көрсеткіш – 97,5%. Әлі 2,5 пайыз халықты орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етуіміз керек, дейді ол.
«Орталықтандырылған ауыз су жүйесінде сағат сайын судың сапасы тексеріледі. Арнайы зертханалар бар, мамандар кестеге сай қосымша тексеру жүргізеді. Судың сапасы нашарлап кетсе, менің ойымша, техникалық ақаулар болғанда ғана осындай жағдайлар болады. Ал енді біз қашан фильтрден су ішпейміз немесе сатып алып ішпейміз десек, ол адамның көзқарасына байланысты деп ойлаймын. Себебі бүкіл дүниежүзінде дүкендерде бөтелкемен су сатылады, бізде де бар. Керек болған жағдайда біз оны сатып алып ішеміз. Бірақ жергілікті және орталық атқарушы органдар, жалпы мемлекеттік қызметте істеп жүрген азаматтар жыл сайын судың сапасын жақсарту үшін жұмыс істеп жатыр», - деп жауап берді министр.
Айтуынша, бұл жұмыс тұрақты түрде жалғасады.