Комитет әлеуметтік желіде лотерея ойнатушыларды іздеп жатыр
Министрлік лотереяны Үкімет бекіткен «Сәтті жұлдыз» операторы ғана өткізе алатынын еске салды
ҚР Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы Жанат Элиманов әлеуметтік желілердегі заңсыз лотереялар мен қаржы пирамидалары туралы пікір білдірді.
«Анықталған «псевдолотерея» фактілері бар. Мысалы, Алматыда бір топ адам «псевдолотереямен» автокөліктер ойнатып, азаматтардың ақшасын иемденді. Оның шығыны 200 млн теңгедей болды. 2000-нан астам адам зардап шекті. Қазір бұл іс бойынша екі азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр. Лотереяны Үкімет бекіткен «Сәтті жұлдыз» операторы ғана өткізе алады. Әлеуметтік желіде жарнамаланып жатқан басқа лотереяның бәрі заңсыз. Қазір азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, әлеуметтік желілерде мониторинг өткізіп жатырмыз», - деді ол бүгінгі брифингте.
Ал биыл қаржы пирамидалары бойынша 21 қылмыстық іс қаралған.
«Кей теріс ниетті адамдар азаматтардың қаржылық сауатсыздығы мен қиын жағдайда жүргенін пайдаланып, азаматтардың ақшасын қаржы пирамидалары арқылы ұрлағысы келеді. Ондай заңсыз әрекеттер бойынша биыл 21 қылмыстық іс қозғалды. Олар өндірісте жатыр», - деп айтты Ж. Элиманов.
Қаржы пирамидасы ұйымдарының жолын уақытында кесу үшін комитеттің қаржылық барлау бөлімі арнайы схема дайындаған.
«Сол схема арқылы банк транзакцияларымен заңсыз ұйымдарды анықтаймыз. Қиыны сол – көп жағдайда қылмыс адамдарға шығын әкелгеннен кейін әшкереленеді. Қаржы пирамидаларының ережесі бойынша алғашқы қатысқандар пайда табады. Сондықтан олар арыз жазбайды. Біз қылмысты адамдар жаппай зардап шегіп жатқанда ғана білеміз. Бірақ ол уақытта ақшаның бәрі ұрланып кетеді. Сондықтан тағы да қаржы пирамидасының екі-үш белгісін айтқым келеді: біріншіден, олар депозиттерден көретін пайданы банктерден жоғары айтады, екіншіден, пайданы кез келген жағдайда табасың деп уәде береді, үшіншіден, олар өз қызметтерін ашып көрсетпейді. Жарнама үшін әлеуметтік желілерді пайдаланады», - деді комитет төрағасы.
Ж. Элиманов азаматтарды осындай ұйымдардан абай болуға шақырды.
Еске сала кетейік, кеше Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан