Махамбет Досмұхамбетов жұмыспен қамту бағдарламасын орындай алмаған шенеуніктерге шүйлікті
Жылдық жоспар 19,5% ғана орындалды

Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруда сылбырлық танытқан аудан әкімдерін сынға алды, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
2019 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 28 344 адам жұмыспен қамтылып, 5 млрд теңге қаржы игерілді. Барлық жоспарланған шаралар толығымен орындалды. Биылғы жылы бағдарлама аясында 23 566 адамды жұмыспен қамту көзделуде.
«Жалпы, жыл басынан бері Жұмыспен қамту орталықтарына хабарласқан 11 410 адамның ішінен 6 217-і яғни 54,5 пайызы жұмыспен қамтылды. Есепті кезеңнің соңына қарай жұмыссыздар саны 9 805 адамды құрап отыр», - дейді Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік Қамидолла.
Мекемелерден түскен тұрақты жұмыс орындарына 2 344 адам орналастырылды немесе жылдық жоспар 19,5% ғана орындалды. Төмен көрсеткіштер Атырау қаласында 9,8%-ды, Жылыой және Исатай аудандарында 14,8%-ды құрап отыр. Аудан басшылары бұған карантин кедергі болды деп құтылды.
Осы ретте облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асуы тиіс жұмыстарын өз деңгейінде ұйымдастыра алмай отырған аудан әкімдерін сынға алды.
«Жұмыстарыңызда кемшілік көп. Бәрін карантинге сілтеп, сылтауратуды қою керек. Жұмыс істейтіндерге әрдайым жол ашық. Қолдарыңызды байлап отырған ешкім жоқ. Тіпті, төтенше жағдай мен карантин кезінде де жұмыс істеуге арнайы рұқсат бердік. Облыстық штаб сол үшін күні-түні жұмыс істеді», - деді аймақ басшысы.
Жиын соңында облыс әкімі құзырлы органдармен бірлесіп, мекемелер мен кәсіпорындарда еңбекақылардың уақытылы және толық көлемде төлену жағдайына мониторинг жасау жұмыстарын жалғастыруды, халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, әлеуметтік әлсіз топтың мәселелерін терең зерделеп, талдау жасауды тапсырды.