2025 жылға қарай Қазақстан мектептерінде 500 мың орын тапшылығы болады – Білім министрі
Қазір мектептерде 168 мың орын тапшылығы бар

Халық алдында онлайн есеп берген Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов елімізде қанша мектеп апатты жағдайда тұрғанын, неше мектепте үш ауысымда оқытып жатқанын айтып берді.
«Елімізде 54 апатты мектеп, үш ауысымда жұмыс істеп тұрған 183 мектеп және 168 мың орын тапшылығы бар. Егер демографиялық және көші-қон процестерін ескерсек, қалалардағы мектеп тапшылығына қатысты статистика нашар болуы мүмкін. Болжамды есепке сүйенсек, 2025 жылға қарай мектептерде 500 орын тапшы болуы мүмкін», - деп хабарлады Асхат Аймағамбетов.
Сондықтан министр білім мен ғылымды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларға нақты көрсеткіштер берілгенін және кемі 800 мектеп салу жоспарланып отырғанын атап өтті.
Білім министрлігі апатты жағдайда тұрған және үш ауысымдағы мектептер мәселесін шешіп қоймай, оларды тек бір ауысымда сабақ беретін деңгейге жетуді көздейтінін жеткізді.
«Білім сапасы мен балаларға ыңғайлы жағдай жасау дәл осы мәселені шешуден басталады», - дейді Аймағамбетов.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан