$ 519.28  540.05  5.31
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанда «Әкімдер мектебі» пайда болады - оның мақсаты қандай

Президент «АMANAT» партиясының тәжірибесін атап өтті

Қазақстанда «Әкімдер мектебі» пайда болады - оның мақсаты қандай
Фото: Ақорда

Қазақстанда әкімдерді оқытатын жаңа жоба іске қосылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке осындай тапсырма берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, әкімдерді тікелей сайлаудың нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің жаңа санаты – сайланатын басшылар пайда болды. Бұл – екі жарым мыңнан астам басшы лауазымындағы қызметкер деген сөз. Олардың арасында бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген азаматтар, соның ішінде жастар көп.

«Сол себепті сайланған әкімдер мен түрлі деңгейдегі басшыларды кешенді дайындықтан өткізу мәселесі өте өзекті болып тұр. Үкіметке Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, «Әкімдер мектебі» оқыту жобасын іске қосуды тапсырамын. Бұл ретте осындай жұмысты жүргізіп жатқан «AMANAT» партиясының тәжірибесін ескерген жөн», - деді ол Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Президент мемлекеттік аппараттың басты міндеті – азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді шешу екенін атап өтті.  Ол үшін, ең алдымен, азаматтармен ұдайы байланыста болу керек.

«Онсыз болмайды. Сондықтан халықтан келіп түсетін өтініштерге айрықша назар аудару қажет. Былтырдың өзінде Президент Әкімшілігіне 50 мыңнан астам өтініш келіп түскен, ал еліміздегі барлық мемлекеттік органдарға шамамен 4 миллион өтініш жолданған. Бұл көрсеткіш жылдан жылға көбеюде. Бір жағынан, бұл жұрттың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сенетінін көрсетеді. Алайда, сонымен бірге, бұл олардың өтініштері мен мәселелері мемлекеттік органдардың күнделікті жұмысы барысында шешімін таппай жатқанын аңғартады. Сондықтан олқылықтар мен кемшіліктерді жою үшін тиянақты жұмыс жүргізу қажет. Әдетте азаматтардың өтініштерінің артында адам тағдыры тұрады, сондықтан, бұл жерде барлық құзырлы органдар жұмыла жұмыс істеуге тиіс», - деді мемлекет басшысы.

Серіктес жаңалықтары