Келесі жылы диқандарды жеңілдікпен несиелеуге көбірек ақша бөлінеді

Қаржыландыру көлемі 700 млрд теңгеге дейін ұлғайтылмақ

Келесі жылы диқандарды жеңілдікпен несиелеуге көбірек ақша бөлінеді
Фото: depositphotos.com

Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдіктерге жиналған астықты дер кезінде кептіріп, элеваторларға жеткізуді тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бектенов биыл көктемгі егіс және күзгі егін орағы жұмыстарын уақтылы және сапалы жүргізу үшін   қажетті шаралардың барлығы қабылданғанын атап өтті. Дәлірек айтқанда, саланы жеңілдікпен қаржыландыру көлемі алғаш рет рекордтық 580 млрд теңгеге дейін жеткен.

«Бұл қаражат егіншілерді тікелей несиелендіруге, пайыздық мөлшерлемені арзандатуға және форвардтық сатып алуға бағытталды. Келесі жылы қаржыландыру көлемін 700 млрд теңгеге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Биыл ауыл шаруашылығы техникасын лизингпен сатып алуға 120  млрд теңге тартылды. Алдағы жылы бұл көрсеткішті 200 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарда бар. Сондай-ақ, диқандар тұқыммен, арзан отын және тыңайтқыштардың жеткілікті көлемімен қамтамасыз етілді», - деді премьер үкімет отырысында.

Бұдан бөлек үкімет басшысы ауыл шаруашылығы министрлігіне облыс әкімдіктерімен бірлесіп, жиналған астықты шашпай-төкпей дер кезінде тасымалдауды, оны кептіріп, элеваторларға жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырды.

«Барлық астық қабылдау кәсіпорны үздіксіз жұмыс режиміне көшуге тиіс. Дәнді-дақылдарды сақтау мәселесін ерекше назарға алу қажет. Сондай-ақ фитосанитариялық қызмет астық сапасына   қатаң бақылау жасауға тиіс. Болашақ егінге арналған тұқым қорын 100% қамтамасыз ету қажет. Көлік министрлігі «Қазақстан темір жолы» компаниясымен бірге үздіксіз тасымалды ұйымдастырып,  вагондармен қамтамасыз етудің нақты кестесін бекітсін», - деді ол.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.