$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
05.05.2020, 16:55
Үкімет

Қағазбастылықпен айналысқан мектептерге енді айыппұл салынады – Білім министрі

Заң бойынша мұғалімдерден төрт түрлі құжат қана талап етіледі

Қағазбастылықпен айналысқан мектептерге енді айыппұл салынады – Білім министрі
фото: Батыржан Беспаев

Білім және ғылым министрлігінің 1 сәуірде шыққан бұйрығына сәйкес, білім беру мекемелері ұстаздан артық құжат талап етсе, айыппұл жазасы тағайындалады. Бұл құзірет білім сапасын қадағалау департаменттері арқылы жүзеге аспақ. Қағазбастылық проблемасын бүгін министр Асхат Аймағамбетов аппараттық жиналыста көтерді.

«1 сәуірден бастап білім сапасын қадағалау департаменттері осындай құзіретке ие болды. Олар артық қағазбастылық пен мұғалімді міндетінен тыс жұмысқа тарту мәселесін қатты қадағалауы тиіс. Бұл мәселеге нүкте қоюуымыз керек. Балабақша, мектеп, колледж болсын, қағазбастылықтан арылатын күн келді. Нақты бұйрық шықты, дайын. Тиісті шара қолданатын мекемелер бар. Заңда және әкімшілік кодексте тиісті нормалар, санкциялар мен айыппұлдар қарастырылды. Сондықтан бұл мәселені күнделікті бақылауымызда ұстаймыз. Қағазбастылық мүлде жойылады. Бұйрық тіркеуден өтті. Жергілікті департаменттер бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауы керек», - деді министр.

Заң бойынша мұғалімдерден төрт түрлі құжат қана талап етілуі тиіс.

«Оның ішінде мұғалім тек екеуін ғана күнделікті жүргізіп отырады. Олар – дәстүрлі сабақ жоспары мен сынып журналы. Қалғаны күнтізбелік-тақырыптық жоспарлау (КТЖ) мен жетекшілік бойынша құжаттар. Демек, құжаттар тізімі нақты бекітілді. Қазір орта білім дәрежесінде оны қатаң сақтау керек», - деді министр бұл жайында.

Серіктес жаңалықтары