«Біз үшін бұл - бөлек мұң»: Саясат Нұрбек докторантураға декреттегілер түсіп алатынын айтты
Ол ғылымға қызығатындар аз дейді
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек докторантураға түсетін білім алушылар жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Біз үшін кадр даярлау саласы бөлек мұң болып отыр. Докторантураны қорғағандар үлесі айтарлықтай көп емес. Ол түрлі факторға байланысты. Докторанттар бізге ғылымды зерттеу үшін, оны қорғау үшін келмейді. Оны төрт жыл отырып, жақсы уақыт өткізу үшін таңдайды. Декретте отырып докторантураға түсетіндердің үлесі де бар. Стипендиясы жақсы, оған түсу айтарлықтай оңай», - дейді Нұрбек.
Министр атағандай, оқуды тәмамдаған кезде қиындықтар туындайды.
«Осы кезде барлығының мотивациясы құлдырайды. Барлығы докторантураны тәмамдамайды. Демалыс алып немесе бас тартып жатады. Қорғамағандар көп, алайда формалды түрде оқуын жалғастырғандар баршылық. Сондықтан біз грант санын көбейткіміз келеді»,- дейді Нұрбек.