«Бір шешімге келеміз»: Әлназарова инсулин деглудектің тізімнен алынуына қатысты пікір айтты

Автор: Аягөз Құрмаш

Бұл препарат қаржы шешілмей, тізімге қосылған

Фотоколлаж: Azattyq Ruhy / Әбілқасым Есентаев

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қант диабетінің бірінші типімен ауыратын науқастарға арналған инсулин деглудек препаратының амбулаторлық тізімнен алып тасталуының себебін түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Еске салсақ, осыған дейін Azattyq Rýhy ақпарат агенттігінің тілшісіне диабеттігі бар балалардың ата-аналары министрлік 2025 жылдан бастап инсулин деглудек препаратын амбулаторлық тізімнен алып тастамақшы екенін айтып, жүгінген болатын.

Осы мәселеге қатысты министрдің пікірін сұрап білдік.

 «Қант диабетімен ауыратын науқастардың дәрі-дәрмектері толығымен қамтылған. Айтылып отырған дәрі-дәрмек (инсулин деглудек – авт.) жаңадан қосылып отыр. Бүгінгі таңда тиісті қаражат шешілмей тұрып, бұл дәрі-дәрмекті тізімге енгізген. Біз өз тарапымыздан, дәрігерлер қауымдастығы, эндокринологтар қосылып, бұл дәрі-дәрмектің алынатынын, не алынбайтыны бойынша талқылап, бір шешімге келеміз. Содан кейін қосымша хабарлаймыз», - дейді ол.

Министр дәрі-дәрмекті қосқаннан кейін, оның тиімділігі тексерілетінін айтты.

«Яғни, тек біржақты толтыра беруімізге болмайды. Сондықтан екі жақтан да сараптама жұмыстарын жүргізуіміз керек. Осыған байланысты қосымша ақпарат береміз. Бірақ бүгінгі таңда науқастарға қажетті барлық дәрі-дәрмек сатылып алынды. Олар пайдаланылып жаьтыр», - дейді Әлназарова.