Қазақстандықтарды шетелге жұмысқа даярлап жіберетін орталықтар ашылады
Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов мәлім етті
Шығыс Қазақстан, Түркістан және Алматы облыстарында қазақстандықтарды шетелге жұмысқа даярлап жіберетін орталықтар ашылады. Бұл туралы бүгін үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов мәлім етті, деп хабарлайды Аzattyq rýhy.
Оның айтуынша, қазір шет елдерге жұмыс істеуге барып, алданып қалатын азаматтарымыз жетерлік.
«Шетелде жұмыс істеп жатқан немесе сонда жұмысқа орналасқысы келетін қазақстандықтар көп. Бұл олардың еңбек қатынастарын заңдастыруды, құқықтарын қорғауды талап етеді. Оларға жалақы төлемеу, медициналық қызмет көрсетпеу, келісімшарттар өрескел бұзылған фактілер бізге белгілі», - дейді Бектенов.
Үкімет басшысы атап өткендей, қазір тиісті үкіметаралық келісімдерді бекітуге қатысты жұмыстар жүріп жатыр.
«Қазірдің өзінде шет елдерде біздің азаматтарды жұмысқа орналастыратын жеке агенттіктердің қызметін бір жүйеге келтіру қажет. Қазақстандықтар келісімшарт бойынша сенімді кепілдік алуға тиіс. Еңбек министрлігі осы бағытта кешенді шаралар қабылдасын. Сонымен қатар шет мемлекеттерде жұмыс істегісі келетіндер үшін Кәсіптік және тілдік даярлау орталықтарын ашуға болады. Мысалы, оларды Шығыс Қазақстан, Түркістан және Алматы облыстарында ашу жоспарланып отыр», - деп мәлім етті Бектенов.