Бейсенбаев Үкіметтің жұмысына «4» деген баға қойды

Azattyq Rýhy

Былтырғы бюджет есебіне 14 депутаттың көңілі толмай, қарсы дауыс берді

Бейсенбаев Үкіметтің жұмысына «4» деген баға қойды

Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар Үкіметтің 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі мен Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысын қабылдады. Бұл ретте, Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Үкіметтің жұмысына «4» деген баға қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Біздің тарапымыздан берілген ұсыныстарды Үкімет ескереді, бірақ жеткілікті деңгейде емес. Сондықтан нығыз «4» деген баға Үкімет жұмысына қоюға болады. Жүйелі мәселелерді ресми сөз сөйлеу кезінде айтып жатырмыз», - деді ол кулуарда, журналистер сұрағына жауап беріп.

Айта кетерлігі, талқылау кезінде Сенат депутаттары, Мәжілістің «Ауыл», Respublica, Amanat партияларының фракциялары Үкімет есебін бекітуді қолдады. Ал «Қазақстан халық партиясының», «Ақжол» партиясының фракциялары есепті қабылдаудан бас тартатынын мәлім етті. Жалпыұлттық социал-демократиялық партия фракциясы дауыс беруден қалыс қалды.

Дауыс беруге қатысқан депутаттардың ішінде Мәжілістің 14 депутаты Үкімет есебін қабылдаудан бас тартып дауыс берді.

Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің айтуынша, 2023 жылы жалпы ішкі өнім 5,1% өскен. Жылдық инфляция деңгейі 2 есе төмендеп, 9,8% көлемінде тұрақталған.

Жалпы бюджет тапшылығы 3,1 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімнің 2,6%-ына тең болған.

Мемлекеттік борыш 27,2 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімнің 22,8%-ына жеткен.

Республикалық бюджеттің кіріс жоспары 99,9% орындалып, бюджетке 19 трлн теңге түскен. Ал шығыс жоспары 99,6% атқарылып, 22,4 трлн теңге болған.

Игерілмеген қаражат — 73 млрд теңге.

Ұлттық қордың активтері 13,4% ұлғайып, 60 млрд долларға жеткен. Бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану көлемі 489 млрд теңге болған.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.