«Конституциясы бойынша құқылы»: депутат Кәрім Мәсімовтің рақымшылығы туралы айтты (ВИДЕО)

Azattyq Rýhy

Мемлекетке опасыздық жасаған экс-ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімовтің ісі қарала ма

«Мемлекетке опасыздық жасаған адам рақымшылық сұрауға құқылы ма?» деген журналист сұрағына Сенат отырысынан кейін депутат, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы, рақымшылық мәселелері жөніндегі комиссияның мүшесі Андрей Лукин жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Конституциясы бойынша рақымшылыққа беруге құқығы бар. Әрбір сотталушының, сонымен қатар «мемлекетке опасыздық» жасағаны үшін айыпты деп танылған адам да рақымшылық сұрай алады», - деді Лукин.  

Экс-ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов ісі қарала ма? Бұл сұраққа сенатор былай жауап берді.

«Тиісті материалдар қабылданғанға дейін ол айқындалмайды. Сондықтан қазіргі уақытта комиссия әлі отырыс өткізген жоқ. Сол үшін алдын ала мен ешнәрсе айта алмаймын», - деді ол.

Сонымен қатар, журналистердің Қазақстанда қанша сотталушы рақымшылық жасау туралы өтініш жазғаны туралы сауалына спикер бұл ақпаратпен бөлісе алмайтынын жеткізді.

Еске салайық, былтыр Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов қаңтар оқиғасы бойынша сотталды. Ол мемлекетке опасыздық жасағаны және билікті басып алмақ болғаны үшін 18 жылға бас бостандығынан айырылды.

10 маусымда ол президент Тоқаевтан рақымшылық жасауын өтініп, кешірім сұрады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.