Министр елімізде қандай дәрігерлер жетіспейтінін айтты

270 мың медицина қызметкерінің 80 мыңнан астамы – дәрігер

Министр елімізде қандай дәрігерлер жетіспейтінін айтты
Фото: сенаттың баспасөз қызметі

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елімізде дәрігер тапшылығы азаймай отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айтуынша, халық санының өсуіне байланысты амбулаториялық-емханалық ұйымдардың қуаттылығының жетіспеушілігі анықталып отыр. Республика бойынша медициналық техникамен жарақтандыру деңгейі 80 пайызды құрағанымен, олардың тозу көрсеткіші жоғарғы деңгейде.

«Денсаулық сақтау жүйесінде 270 мыңнан астам медицина қызметкерінің 80 мыңнан астамы дәрігерлер болуына қарамастан, олардың тапшылығы азаймай отыр. Оның ішінде: терапевт, анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог дәрігерлерінің тапшылығы байқалады», - деді Әлназарова үкімет отырысында. 

Министр мұның барлығы денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын жоспарлау кезіндегі кемшіліктердің болуын дәлелдейтінін атап өтті. Ол жергілікті атқарушы органдар тарапынан  көрсетілетін әлеуметтік қолдау шараларын бірыңғайландыру, денсаулық сақтау саласы мамандарының тапшылығын ескере отырып, кадрлық ресурстармен қамтамасыз етуді болжамдау жүйесін жетілдіру қажет деп санайды.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.