$ 504.34  556.34  5.97
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Салғырт, баяу және әлсіз жұмыс істейді: Олжас Бектенов әкімдерді сынап тастады

Премьер су басқан үйлерді қалпына келтіру жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды

Салғырт, баяу және әлсіз жұмыс істейді: Олжас Бектенов әкімдерді сынап тастады
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов су тасқынынан зардап шеккендер отбасылар үшін салынып жатқан үйлердің құрылысын белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бектенов өткен аптада Солтүстік Қазақстан облысына барғанын, жөндеу және құрылыс жұмыстарының қарқыны жақсы екенін атап өтті. Алайда басқа өңірлер әлі қажетті қарқынды ала алмай отыр.

«Тағы да еске саламын – жаз мезгілі қысқа, бәрін белгіленген мерзімде, әрі сапалы етіп жасауға біраз уақыт керек болады. Өкінішке қарай, жергілікті билік органдарының жұмысында салғырттық, шешім қабылдауда баяулық, ұйымдастыру ісінде әлсіздік байқалады. Әсіресе Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының жұмысын жандандыру керек», - деді Бектенов үкімет отырысында.

Айтуынша, мерзімдерді мүлдем бұзуға болмайды. Бірақ тек мерзім емес, сапа жағы да өте маңызды. Оған да жіті назар аудару қажет.

«Сондай-ақ, көптеген өңірде су тасқынымен күресу үшін құм мен саздан үйінділер жасалды, топырақ салынған қаптар пайдаланылды. Ендігі кезекте әкімдіктер бәрін өркениетті түрге келтіру керек. Экологияға зиян келтірмес үшін барлық қапшықты алып тастап, кәдеге жарату қажет», - деп тапсырды премьер.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың ақпаратынша, су тасқыны салдарынан 18,005 тұрғын үй зардап шекті. 17 295 объект бойынша техникалық тексеріс нәтижелері бар. Тексерілген объектілер бойынша 2245 тұрғын үй салу, жылжымайтын мүлік нарығында 5235 үй сатып алу және 9819 нысанды жөндеу жоспарланған.

«Бүгінгі күні 1828 үйдің құрылысы басталды, бұл жоспарланған көрсеткіштің 81% құрайды.  Бұл ретте, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарында жүргізіліп жатқан жұмыстың төмен қарқыны байқалады. Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында әлі күнге дейін 2 122 үй су астында. Солтүстік Қазақстан облысында құрылыс қарқыны жақсы. Бүгінде 53 тұрғын үй пайдалануға берілді», деді Шарлапаев.

Министрдің айтуынша, бүгінгі күні республика бойынша 1943 тұрғын үй сатып алынды.

Серіктес жаңалықтары