Ғани Бейсембаев тіл жанашыры Бижомарт Қапалбекті қабылдауға дайын екені айтты

Темірхан Айжан

Министр Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директорымен бұған дейін бірлесіп жұмыс істегенін хабарлады

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Azattyq Ruhy тілшісінің журналистің қызметіне кедергі келтіру туралы сұрағына жауап берді.

Бұған дейін редакция Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты Бижомарт Қапалбектің мектептердегі қазақ тілі пәнінің бағдарламасын сынағанын жазған еді. Ол орта мектептердегі қазақ тілі пәнінің мүшкіл жағдайына алаңдап, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа екі рет қатарынан хат жолдаса да, еш жауап алмағанын айтқан болатын.

Мақала жарыққа шыққан кейін, министрліктің қызметкерлері редакцияға, сыни пікір айтқан Бижомарт Қапалбекке хабарласып, редакцияның ішкі жұмысына, журналистің ақпарат іздеу, алу және тарату жөніндегі қызметіне кедергі келтіргілері келді. 

Осы мақсатта тілшіміз Ғани Бейсембаевтың өзінен жауап алды. Министр болған оқиға туралы хабары жоғын айтты.

«Жалпы, сын ақпараттар жариялануы керек. Оқу-ағарту министрлігі кез-келген сынға жақсы қарайды. Кейде тексерілмеген, нақтыланбаған сын болса да, оған хабарласып, түсіндіріп, ақпаратты беріп жатамыз. Ал, бұл болған оқиғадан менің хабарым жоқ. Міндетті түрде мұны анықтаймыз. Біздің министрлікте бұған дейін ондай жағдайлар болған емес, яғни, редакцияға хабарласып, ақпаратты алып тастау туралы талап айтылмаған. Бірақ Бижомарт мырзаны мен жақсы білемін. Қазақ тілінің жанашыры. Менің есігім ол кісіге әрқашан да ашық. Ол кісіде менің телефоным да бар. Хат маған келіп түскен жоқ. Ол маған тікелей хабарласып жүрген кісі... Мен міндетті түрде оған өзім хабарласамын», - деді министр.            

Бейсембаев Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директорымен бұған дейін бірлесіп жұмыс істегенін атап өтті.

«Ол біздің академияда жұмысшы топта болған. Қазір мен анықтап отырғандай, жұмысшы топтан белгісіз себептермен шығып кеткен екен. Мен шақырып қандай себеп болғанын анықтаймын. Осы мәселені маған жеткізгендеріңіз үшін рақмет», - деді ол.

Оқу-ағарту министрі алдағы уақытта да жұмыс ашық деңгейде жалғасатынына уәде берді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.