ЕСП төлегендердің бәрі жеке кәсіпкер болып есептеледі – министр
Бірыңғай жиынтық төлем Қазақстанда 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлем алу үшін бірыңғай жиынтық төлем (бұдан кейін ЕСП - авт.) аударған азаматтардың бәрі жеке кәсіпкер саналатынын айтты.
«Заң бойынша ИП (жеке кәсіпкер - авт.) да, ЕСП төлеуші де жеке кәсіпкер саналады. Тек біріншісі ресми жеке кәсіпкер болып тіркелген. Екіншісі, жеке кәсіпкерліктің жеңілдетілген түрі. Сіз ЕСП төлегенде салық органдарында автоматты түрде жеке кәсіпкер болып тіркелесіз», - деп айтты ол.
Сондықтан да ресми тіркелген жеке кәсіпкерлігі бола тұра ешқашан салық төлемеген, бірақ жәрдемақы алу үшін ЕСП аударған азаматтарға ақша берілмейді. Себебі жеке кәсіпкер екінші рет кәсіпкерлігін рәсімдей алмайды.
«Егер сіз расымен де жеке кәсіпкерлікпен айналыссаңыз, ол сіздің табысыңыз арқылы, әлеуметтік төлем үшін аударымдарыңыз (салық - авт.) арқылы көріну керек еді. Әйтпесе, сіз формалды да, бейресми де жұмыс істегемеген болып қаласыз. Табысын жоғалтты деген санатқа ілінбейсіз», - деп түсіндірді министр.
Еске сала кетейік, бірыңғай жиынтық төлем Қазақстанда 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілді.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан