Қазақстан су қоймаларын салу үшін Ислам даму банкінен ақша алады

Банк Қазақстанда су шаруашылығы жобаларын іске асыру үшін грант пен инвестиция бөледі

Қазақстан су қоймаларын салу үшін Ислам даму банкінен ақша алады
Фото: primeminister.kz

Қазақстан Республикасының Үкіметі еліміздегі су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту жобаларын қаржыландыру үшін Ислам Даму банкінен ақша алады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасай отырып.

Бұл туралы Сауд Арабиясына жұмыс сапарымен барған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров пен Ислам Даму банкі тобының президенті Мұхаммед Әл-Джассер арасындағы кездесу кезінде мәлім болған.

«Мұхаммед Әл-Джассермен өткен кездесудің басты тақырыбы Қазақстанның су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту жобаларын қаржыландыру болды, бұл биылғы бұрын-соңды болмаған су тасқынына байланысты Үкіметтің басым міндеті. Еліміздің су-ресурстық әлеуетін сақтау мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында су қоймаларын, гидротехникалық құрылыстарды, ирригациялық жүйелерді салу әрі реконструкциялау, су үнемдеу технологияларын цифрландыру және енгізу бойынша бірқатар шұғыл шараларды іске асыру қарастырылып жатыр», - деп хабарлады үкіметтің ресми сайты.

Келіссөз кезінде Ислам Даму банкінің қаржысын ҚР су саласының жобаларына бағыттау, сондай-ақ жобалардың техникалық құрамдас бөлігін дайындауға гранттар бөлу туралы уағдаластыққа қол жеткен. Дереккөзіне сүйенсек, алғашқы транштар биыл аударыла бастайды.

Еске сала кетейік, Қазақстан Республикасы 1995 жылы Ислам даму банкінің мүшесі болды. Осы кезеңде ИДБ тобының қатысуымен республикада жалпы сомасы шамамен $1,8 млрд құрайтын 67 жоба іске асырылды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.