Азық-түлік қымбаттады – Ұлттық банк төрағасы
Азық-түлік емес тауарлар бағасының жылдық өсімі 5,5% болған
Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев Қазақстанда азық-түлік 9,3%-ға дейін қымбаттағанын хабарлады. Оған карантин әсерінен сұраныстың күрт артуы мен көкөніс бағасының маусымдық өсуі әсер еткен.
«Ағымдағы жылғы наурызда басқаларға қарағанда қант – 8,5%-ға, көкөністер мен жемістер – 5,1%-ға, қарақұмық жармасы – 2,5%-ға қымбаттады. Соның нәтижесінде ағымдағы жылғы наурызда азық-түлік тауарларының айлық инфляциясы 2017 жылдан бергі барынша жоғары мәнге жетіп, 1,7% болды», - деді Е. Досаев Үкімет отырысында.
Ал, азық-түлік емес тауарлар бағасының жылдық өсімі 5,5% болған. Сөйтіп, көлік, байланыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың жекелеген қызмет тарифтері қымбаттаған.
«Әлемдік қаржы нарығындағы құбылмалылық жаппай енгізіліп жатқан карантин шараларымен қоса әлем экономикасына рецессия қаупін әкеледі. Осындай теріс перспектива мұнай бағасының біршама төмендеуімен бірге біздің ел үшін жаңа нақты экономикалық жағдайлар мен сын-қатерлерді туындатады», - деген болжам жасады Ұлттық банк төрағасы.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан