$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
14.04.2020, 14:53
Үкімет

«Сіздермен мақтанамын». Біртанов дәрігерлерге үндеу жасады

Денсаулық сақтау министрі медицина саласындағы әріптестеріне үндеу тастады

«Сіздермен мақтанамын». Біртанов дәрігерлерге үндеу жасады

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қаңтар айынан бастап үзіліссіз, тәулік бойы қызмет етіп жатқан барлық деңгейдегі медицина мамандарына, дәрігерлерге, медбикелерге, санитарларға, медициналық ұйым басшыларына, санитарлық қызметтегілерге, университтеттер мен ғылыми орталық қызметкерлеріне үндеу жолдады.

«Шаршағандарыңызды білемін. Көпшілігінің үйіне барып, балаларын құшуға мүмкіндігі болмай отыр. Тіпті, коронавирус жұқтырған мамандар да аз емес. Бірақ, соған қарамастан, сіздер күн сайын жұмысқа барып, науқастарды емдеп, адамдардың жанын алып қалып жатырсыздар. Сіздер оны ақша үшін істеп жатқан жоқсыздар. Өйткені, кәсіп сондай. Мен сіздермен мақтанамын», - деп жазды министр.

Министр осындай қиын кезеңде тек сөзбен емес, іспен көмек беріп жатқандарға да алғысын білдірді.

«Қарт кісілерге тамағы мен дәрісін апарып, қолдан маска тігіп, қажетті жүк тиелген әуе рейстері үшін қалтасынан қаржы шығарып, үйде концерт беріп жатқандармен, сондай-ақ тәртіпке бағынып, үйде отырған азаматтармен мақтанамын», - дейді Біртанов.

Біртанов дәрігерлерді әлеуметтік желідегі псевдо-сарапшылардың пікіріне құлақ аспауға шақырды.

«Өкінішке қарай, әлеуметтік желіде оңды-солды ақпарат тарататын псевдо-сарапшылар көбейді. Олар өзінше баға беріп, әртүрлі болжамдар жасап, желіні қажетсіз ақпаратпен толтырып отыр. Бірақ оны жүрекке жақын қабылдамаңыздар. Бәріне шыдап, кәсібилік танытыңыздар. Қазір қиын шақ. Бізге керегі - төзім мен нақты кәсіби іс-әрекет. Ештеңеге алаңдамай, назарымыз тек жұмыста болатын шақ. Қазір біреуге ренжіп, салғыласатын кез емес. Оның бәрін жағдай оңалып, эпидемия саябырсығанда реттеп үлгереміз», - деп сабырға шақырды.

Министр медицина қызметкерлерін қазіргі эпидемиялық ахуалды уақытша қиындық деп қарауға үндеді.

«Уақыт өтеді, эпидемия да аяқталады. Бұл туралы фильмдер түсіріліп, кітаптар жазылар. Көп нәрсе ұмытылады. Бірақ сіздер коронавируспен ауруханаларда күні-түні күрескен сәтіңізді есіңізге аласыз. Нағыз батыр – сіздер. Мен бұл вирусты жеңеміз деп сенем. Бізді бұл қиындықтан алып шығатын – сіз бен біздің кәсіби әрекетіміз, ғылым және тәртіп», - деді Біртанов.

Еске салсақ, кеше Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрайымы Людмила Бұйрабекова Қазақстанда коронавирус жұқтырғандардың 20,5 %-ы дәрігерлер екенін айтты.

Серіктес жаңалықтары