$ 511.22  540.05  4.73
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Астана халқы кейінгі 10 жылда қанша пайызға өсті

Болжам бойынша 2035 жылға қарай елорда халқы 2,3 млн адамға жетеді

Астана халқы кейінгі 10 жылда қанша пайызға өсті
Фото: Azattyq Ruhy / Әсет Құндақбаев

Кейінгі 10 жылда Астана халқы 46%-ға өсті. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Болжам бойынша 2035 жылға қарай елорда халқы 2,3 млн адамға жетеді. Агломерация елді мекендерінен Астанаға күнделікті 200 мыңнан астам адам мен 30 мың автокөлік қатынайды.

Осыған байланысты, елордада инфрақұрылымның барлық түрлеріне жүктемелердің ұлғаюына, қала шеттерінің кеңеюіне, ыңғайлы көлік жүйесінің болмауына және әлеуметтік объектілердің тапшылығына алып келетін бірқатар проблемалар байқалады», - деді ол Үкімет отырысында.

Осыған орай, Астана агломерациясын дамытудың 2024 – 2028 жылдарға арналған Кешенді жоспарының жобасын әзірлеген.

«Жалпы, қала құрылысын дамытуға, әлеуметтік және инженерлік-көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, сондай-ақ экологиялық тұрақтылықты, қауіпсіздікті және төтенше жағдайлардың алдын алуды қамтамасыз етуге бағытталған жалпы сомасы 1,13 трлн теңгеге 329 іс-шараны іске асыру көзделген», - деді министр.

Агломерацияны аумақтық дамыту шеңберінде елорда мен Ақмола облысының даму жоспарларын үндестіруге мүмкіндік беретін бірыңғай қала құрылысы саясатын әзірлеу жоспарланған.

«Халықты әлеуметтік инфрақұрылым объектілерімен қамтамасыз ету мақсатында Қосшы қаласында 1 200 орындық мектеп, 280 орындық балабақша және 350 төсектік көпбейінді аурухана салынады.

Сондай-ақ, елордада инвесторлардың өз қаражаты есебінен 900 студентке арналған Тау-кен техникалық колледжі мен балаларды оңалту орталығын салу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, ауылдық жерлерде 9 мәдениет үйін, 3 демалыс орталығын, 2 мәдени-ойын-сауық кешенін және 50 келушіге арналған алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығын салу жоспарлануда», - деді Нұрлан Байбазаров.

Кешенді жоспарды іске асыру қорытындысы бойынша 2029 жылға қарай 3 мыңнан астам тұрақты және уақытша жұмыс орнын құру, 70 мыңнан астам адамды медициналық қызмет көрсетумен қамтамасыз ету, өңдеу өнеркәсібінде өнім шығару көлемін 120% - ға дейін ұлғайту, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 55-тен 70% - ға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Авторы: Айжан ТЕМІРХАН

Серіктес жаңалықтары