Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту: Премьер-министр сылбыр қимылдайтын әкімдіктерді сынға алды

Бектенов ауылдардағы денсаулық сақтау нысандары құрылысының баяу жүріп жатқанын айтты

Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту: Премьер-министр сылбыр қимылдайтын әкімдіктерді сынға алды
Фото: primeminister.kz

Үкімет басшысы Олжас Бектенов ауылдардағы денсаулық сақтау нысандары құрылысының баяу жүріп жатқанын айтып, мемлекеттік органдар мен әкімдіктерді сынға алды, деп хабаралайды Azattyq Ruhy.

Премьер-министр «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру жұмыстарының тиімсіз жүріп жатқаныны туралы мәселе Үкіметте бірнеше рет қаралса да, еш нәтиже жоғын айтты.

«Өздеріңізге мәлім, өткен жылы 309 объектіні салу жоспарланған болатын. Алайда, жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау жұмыстары тым ұзаққа созылып кетті. Денсаулық сақтау министрлігі бақылауды әлсіретіп алды. Әкімдіктер де құрылыс орындарын анықтау, жер учаскелерін уақытылы бөлу бойынша түрлі сылтау айтып, мәселені шұғыл шешуге ниет танытқан жоқ. Жобалау құжаттарын рәсімдеу мен сараптама мәселелері де тым кешеуілдеп кетті. Сондықтан, ауылдық жерлердегі медицина объектілерінің құрылысын бастау мерзімдері бұзылды.

Мұның бәрі жоспарлардың өзгеруіне әкеп соқты. Соның салдарынан өткен жылы тек 99 объектіні тапсыру туралы шешім қабылданған болатын. Бірақ оның өзіне қол жеткізілген жоқ.

Әлі күнге дейін 7 объект аяқталмады. Былтыр әкімдіктер типтік жобаларды жергілікті жерге байланыстыруға тиіс еді. Бұл жұмыс та аяқсыз қалды. Қазіргі таңда 239 объектінің жобалық құжаттамасы дайын, оның 109-ы бойынша ғана мердігер компаниялар айқындалды. Қалғандары әзірге нақты істен гөрі, жалаң сөз күйінде қалып отыр», - деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, құрылыс жұмыстарын алдағы наурыз-сәуір айларында бастау қажет, бірақ оны қаржыландыру мәселесі әлі шешілмеген.

«Денсаулық сақтау министрлігі болса, оларды қаржыландыру үшін бюджеттік өтінімдерді беруге асығар емес. Әкімдіктер де қаржыландыру мәселелерін шеше алмай келеді. Әлі күнге дейін көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды күрделі жөндеу жұмыстары басталған жоқ. Сондай-ақ, оларға медициналық жабдықтар сатып алу ісінде де жағдай мәз емес. Мұндай процедуралар көп уақытты алады . Министрлік олардың есеп-қисабын жүргізген де жоқ. Медициналық ұйымдарды жиһаздармен және құрылыс материалдарымен жабдықтау кезінде отандық өндірушілерді белсенді түрде тарту қажет. «Самұрық-Қазына» қоры мен оның еншілес ұйымдары отандық тауарлар мен қызметтерді кеңінен сатып алып, өзіміздің қазақстандық тауар өндірушілерге, оның ішінде шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуге тиіс», - деді Бектенов.

Премьер-министр қор басшылығы орта бизнеске қолдау көрсетуге тиіс екенін атап өтті.

«Өткен аптада ғана жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының басшысы Әбдікәрімова Салтанат «Самұрық-Қазына» қорының тауар сатып алу саясатын сынға алып, конкурстарда шикіліктің барын айтып, шағымданды. Мен кәсіпкерлердің пікірін қолдаймын. Біз осы саладағы жағдайды түбегейлі өзгертіп, отандық өндірушілерді қолдау жүйесін құруға тиіспіз. Мұның ауылдық жерлердегі медицина объектілерін салу мен қамтамасыз етуге де қатысы бар. Ұлттық жобаны жүзеге асыру сапасын жақсарту үшін жұмыс қарқынын барынша күшейту қажет. Жобаны үйлестіру және мониторингтеу міндеті «Turar Healthcare» ұлттық операторына жүктелген. Алайда, көріп отырғанымыздай, оның орындалу сапасы нашар. Объектілерге барып, құрылыс жұмыстарын бақылау жүргізілмейді. Әрбір объектінің құрылысын құжаттарды дайындау, қаржыландыру кезеңінен бастап, уақтылы тапсырғанға дейін күнделікті бақылауға алу қажет», - деді ол.

Сондай-ақ Үкімет басшысы медициналық жабдықтармен және персоналмен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалмармауы тиіс екенін атты. Соған байланысты Бектенов тиісті органдарға бірнеше тапсырма берді.

«Бірінші. Облыс әкімдіктері Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірге 1-ші сәуірге дейін жобаларға ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізуді аяқтасын.

Екінші. Денсаулық сақтау, Қаржы министрліктері мен әкімдіктер жобаларды қаржыландыру мәселесін жедел шешуге тиіс.

Үшінші.  Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктер биылғы жылы барлық объектілердің құрылысы мен оларды пайдалануға беруді нақты мерзімінде аяқтауы қажет», - деді ол.

Авторы: Айжан ТЕМІРХАН

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.