Енді Қырғызстан шекарасынан өткенде балалардан қосымша құжат талап етпейді
Бұл норма тек Қырғызстан еліне ғана қатысты
Бұдан былай Қазақстанның 16 жасқа толмаған балалары Қырғызстанға барғанда немесе Қырғызстан балалары шекара арқылы Қазақстанға өткенде қосымша беті бар (сурет жапсырылған – авт.) туу туралы куәлік керек болмайды. Себебі, жаңа құжаттардың бәрінде қажетті биометриялық ақпарат бар. Заң жобасын ратификациялауды Сенат отырысына енгізген - Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
«Аталған норма тек Қырғыз Республикасына қатысты. Басқа мемлекеттерге қатысты бұл норма көзделмеген. Сондай-ақ жеке басын идентификациялау механизмі жоқ, туу туралы куәлік пен қосымша бет шекарадан өткенде сканерден өткізілмейді. 2006 жылдан бастап бүкіл әлемде халықаралық шекарадан өткенде биометриялық жол жүру құжатын алып жүру міндетті болды. Ал Қазақстанға бұл 2009 жылдан бастап енгізілді. Қазір Қазақстан азаматтарының құжаттары халықаралық биометриялық стандартқа сай жасалған. Хаттаманы ратификациялау балалардың елге кіріп-шығуын халықаралық стандартқа сәйкес жеке басын идентификациялауға мүмкіндік береді», - деді заң туралы Ерлан Тұрғымбаев заң жобасы туралы.
Сенаторлар заң жобасын мақұлдады.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан