Биыл егіс көлемі 22,5 миллион гектарды құрайды – АШМ
АӨК субъектілерін қолдау үшін республикалық бюджеттен 70 млрд теңге бюджеттік несие бөлінді
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Айдарбек Сапаров көктемгі дала жұмыстарына дайындық жайында айтты.
«Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 22,5 миллион гектарға егіледі. Қазіргі уақытта егіс науқаны оңтүстік жүргізіліп жатыр. Облыс әкімдіктері берген соңғы мәлімет бойынша көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге ауылшаруашылық техникасының дайындығы – 98%. Біз оны 100%-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз», - деді вице-министр.
Вице-министр фермерлерді дизель отынымен қамтамасыз ету жайын түсіндірді.
«Көктемгі егіс жұмыстарын уақытында жүргізу үшін ақпан-маусым айларына 387 мың тонна дизель отыны бөлінді. Кестеге сәйкес 387 мың тоннаның 119 мың тоннасына шарттар жасалып, оның 103,4 мың тоннасы тиелді. «Аграрлық несие корпорациясы» агроөнеркәсіп кешені субъектілерін қолдау үшін республикалық бюджеттен 70 млрд теңге көлемінде бюджеттік несие бөлді. Бұл әдеттегіден 10 млрд теңгеге артық. Жылдық пайыз соңғы қарыз алушылар үшін 5 пайыздан аспайды», - деді Айдарбек Сапаров.
Сондай-ақ вице-министр тыңайтқыш сатып алуға жұмсалатын қаржының қайдан бөлінетінін айтты.
«Мол өнім алу үшін тыңайтқыш керек. Ол үшін жергілікті бюджет есебінен 23,3 млрд теңге қаржы қарастырылған. Яғни, 480 мың тонна минералды тыңайтқыш сатып алуға мүмкіндік бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 80 мың тоннаға көп. Сондай-ақ республикалық бюджеттен қосымша 2,8 млрд теңге бөлінеді», - деді вице-министр.
Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан