ШұғылҚазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны күрт өсті

500 мың теңге табысы барлар да 42 500 теңге алуға өтініш берген – Еңбек министрі

Нұрымбетов жәрдемақы тағайындауда кездесетін олқылықтар жайлы айтты

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов төтенше жағдайға байланысты 42 500 теңге жәрдемақы алуға 1 млн 284  мың өтініш түскенін хабарлады. Бірақ бұл өтініштер 938 мың адамнан келген.

«Бұл дегеніміз – бір адам бірнеше рет өтініш жіберіп жатыр. Мүмкін, жаңылысқан шығарсыздар. Бірақ 2-3 өтініш беріп, 2-3 рет алам десеңіздер, қателесіздер. Бізде ақпараттық жүйе оны тексеріп, сорттап, реттеп алады. Сондықтан 1 адам 2 рет өтпейді», - дейді министр.

Еңбек министрі бұл жәрдемақыны шын мұқтаж адамдар алса дейді.

«42 500 теңгенің мәні – жұмыс істеп жүріп, табысынан айырылған азаматтарға берілетін көмек. Сондықтан, шын мұқтаж адамдар алса екен дейміз. Себебі, жұма күні алғашқы 412 мың өтініш түскенде, тексердік. Қарасақ, солардың ішіндегі 1873 адам қаңтар, ақпан, наурыз айларында 500 мыңнан миллионға дейін табыс тауып жүргендер. Олардың 16 наурызда ақшасы таусылып қалып па? Бұл дұрыс емес шығар. Сіздерге төленбейді, кешіріңіздер», - деді Б. Нұрымбетов.

Министр болашақта керек болып қалар деген мақсатпен жеке кәсіпкерлік (ИП) ашып алып, қазір басқа жерде жұмыс істеп жүрген азаматтар да ИП атынан өтініш білдіре алмайтынын ескертті. Себебі, азаматтардың табысы ақпараттық жүйеде толық көрсетіліп тұрады.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан