Үкімет басшысы теміржол жүк тасымалындағы кедергілерді жою бойынша тапсырма берді
«Қазақстан темір жоолы» басшысына отандық тауар өндірушілерден түскен шағымдарды жедел талдау тапсырылды
ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қызметі және еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін одан әрі дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, биылғы 10 айда жүк тасымалдау көлемі 246 млн тоннаны құрады, бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,3%-ға артық. Жыл соңына дейін 300 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.
«Алдағы жылдары еліміздің транзиттік әлеуетін едәуір арттыратын, 1300 шақырымнан астам теміржол салу жоспарланған. Атап айтқанда, бұл – Достық–Мойынты, Бақты–Аягөз, Дарбаза–Мақтаарал желілері және Алматы маңы айналма жолы», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар қолданыстағы теміржолдарды жөндеу, жаңа локомотивтер мен вагондар сатып алу, стансалар мен вокзал кешендерін жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады.
Премьер-министр «ҚТЖ» ҰК» АҚ отандық тауар өндірушілер тарапынан келіп түскен барлық шағымдарды жедел талдап, Көлік министрлігімен бірлесе отырып, жүк тасымалы кезіндегі кедергілерді жою жөніндегі пәрменді шаралар әзірлеу қажеттігін атап өтті.