Үкімет 250 мың адамға жұмыс тауып бермек
Ол үшін бюджеттен 1 трлн теңге бөлінеді
Премьер-министрдің бірінші орынбасары, Қаржы министрі Әлихан Смайылов халықты жұмыспен қамту мақсатында инфрақұрылымдық жобалар арқылы 250 мың жұмыс орны ашылады деп уәде берді. Ол үшін бюджеттен 1 трлн теңге ақша бөлінбек. Ал «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына 84,5 млрд теңге аударып, 16 мың адамды жұмыспен қамтиды. Бағдарлама аясында кәсіпкерлерге субсидия беру де қарастырылған. Осылайша, Үкімет бюджетке 250 млрд теңге көлемінде салық түсіргісі келеді.
«Сондай-ақ азаматтардың жекелеген санаттары үшін азық-түлік-тұрмыстық жиынтық алуға 30,8 млрд теңге беру көзделіп отыр. Бұл шамамен 2 млн-нан астам адамды қамтиды. «Еңбек» бағдарламасын іске асыруға 50 млрд теңге қосымша шығыстар көзделеді. Нәтижесінде, жаппай кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік тұрғыда осал халықты қолдау, еңбек делдалдығы мен шеберліктің тиімді моделін жасау жалғастырылады», - деп Үкімет отырысында баяндама жасаған Ә.Смайылов.
Ол экономикалық дамудың баяулауы және коронавирустық инфекцияның таралуы сияқты екі бірдей ғаламдық қауіп-қатердің қатар келіп, экономикаға, халықтың тұрмысына ауыр соққы тигізіп жатқанын атап өтті.
Ал Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов жоғарыда айтылған жұмыспен қамту бойынша жол картасына 7000 жоба енгізілгенін айтты. Оның 300-ден астамы келешекте халық игілігіне қалатын өндіруші кәсіпорындар болады. Оған тек Қазақстан азаматтары тартылып, жұмысшылар кем дегенде 85 мың теңге жалақы алады. Артықшылығы сол – жергілікті жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа кірген азаматтар орналаса сала қосымша 85 мың теңге көтерме ақы (подъемный) алады.
«Іске асырылатын жобалардың 35%-ы әлеуметтік саладағы нысандарға қатысты, 34%-ы инженерлік-көліктік инфрақұрылымдарды дамытуға бағытталған. 14%-ы тұрғын үй-коммуналдық жүйе мәселелерін шешеді. 17%-ы елді мекендердің абаттандырылуына, көркеюіне алып келеді», - деп түсіндірді Б.Нұрымбетов.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан