$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
16.10.2023, 14:42
Үкімет

Өңірлерге бағасы арзандатылған астық жөнелтіле басталды

Қазақстанға ауыл шаруашылығы жүктерінің импорты 2,1 млн тоннаны құрады

Өңірлерге бағасы арзандатылған астық жөнелтіле басталды
Фото ашық дереккөзден

Үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте өңірлерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті жедел жеткізу мен оның құны талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Вице-премьер Серік Жұманғарин әлеуметтік азық-түлік өнімдерін өңірлерге жеткізу мерзімін қысқартуға мүмкіндік беретін кез келген шешім қабылдау туралы ҚТЖ ҰК АҚ-ға бір апта бұрын берген болатын. Әлеуметтік азық-түлік бағасын тұрақтандыру жөніндегі кезекті кеңесте атқарылған жұмыстың нәтижелері туралы «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС бас директоры Владимир Петров мәлімдеді.

Айтылған мәліметтер бойынша, 2023 жылдың 9 айында Қазақстанға ауыл шаруашылығы жүктерінің импорты 2,1 млн тоннаны құрады.

«Тек қазан айының өзінде 341 мың тонна астық жөнелтілетіні айтылып, оның 190 мың тоннасы келісілген. Бұл ретте негізгі жоспар бойынша бастапқыда 58 мың тонна астық қаралса, 132 мың тоннасы Сауда министрлігімен және Астық өңдеушілер қауымдастығымен қосымша пысықталды. Келісілген тізімде жоқ өтініш берушілердің 151 мың тоннасына өтінімдер қабылданбады. 10,1 мың тонна ұн әкелуге қатысты барлық өтінімдер 100%-ға орындалды. Әлеуметтік азық-түлік өнімдері бойынша осындай жағдай – 145 мың тонна көлеміндегі ӘМАТ импортына қатысты барлық өтінімдер орындалды. Өтінімдер бір тәулік ішінде мақұлданады», — деді В. Петров.

Сонымен қатар қазанның басынан бері ел ішінде астық, ұн және әлеуметтік азық-түлік тауарларын тасымалдау бойынша артта қалушылық байқалады. Астық бойынша жоспарлар 76%-ға, ұн бойынша – 72%-ға, көкөністер бойынша – 94%-ға, күнбағыс майы бойынша – 23%-ға орындалды. Жалпы, осы күндері ел ішінде 619 мың тонна көлеміндегі әлеуметтік өнімдерді тасымалдау жоспары болса, 181,9 мың тоннаға тапсырыс орындалды.

«Темір жол бөлімшелерінің барлық басшыларына бірінші кезекте вагондар азық-түлік өнімдерін жеткізуді қамтамасыз етуі қажет, өтініштерді бір тәулік ішінде қарау тапсырылды. Тәулік бойы кезекшілік белгіленді», — деп деп атап өтті «ҚТЖ–Жүк тасымалы» ЖШС бас директоры.

Жалпы, Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, негізгі азық-түлік тауарларының жалпы баға индексі 4 ай бойы төмендегеннен кейін маусымаралық кезеңде апта сайынғы өсім 0,1%-ды құрады. Бұл негізінен тауық жұмыртқасы бағасының маусымдық өсуіне байланысты болды (1,3%). Сондай-ақ қарақұмық (0,7%) және ұн (0,5%) бағасының шамалы өсімі тіркелді.

Өңірлер бойынша баға жағдайын қарастыратын болсақ, жыл басынан бері ең үлкен өсім Ұлытау облысында тіркеліп – 9,6%-ды құраса, Астанада жалпы өсу индексі 7,6%-ды көрсетіп, екінші орында келеді. Жиында Серік Жұманғарин атап өткендей, бұл аталған аймақтардың басшылығы азық-түлік қауіпсіздігіне басымдық бермей отыр.

Ең жақсы көрсеткіш Алматы облысында (-0,2%) тіркелді. Бүгінде ол жыл басынан бері ӘМАТ бағасын тұрақтандырып қана қоймай, төмендете алған жалғыз өңір.

Қазақстанның барлық өңірлерінде ұн бағасының көтерілуін ескере отырып, жиында арзандатылған астықты жөнелту жұмыстарының барысы тыңдалды.

«5 облыс астық шығаруды бастады. Астықтың алғашқы топтамасы Түркістан, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарына жеткізілді. Қызылорда облысының операторы астықты ұнтақтап, Қостанайдан ұн салынған вагондарды жөнелтті. Сонымен қатар Жетісу, Ұлытау өңірлері мен Алматы қаласындағы ұн тартушы операторлары әлі күнге дейін Азық-түлік корпорациясымен жеткізілім шартына қол қойған жоқ. Ал, Солтүстік Қазақстан мен Абай облыстарында ұн тарту операторлары әлі анықталған жоқ», — деді СИМ Сауда комитетінің төрағасы Айдар Әбілдабеков.

Оң көрсеткіштің мысалы ретінде Сауда комитетінің төрағасы Павлодар облысындағы жергілікті мемлекеттік органдар мен бизнестің өзара іс-қимылы нәтижесін атады. Кәсіпкер арзан астықтың жеткізілуін күтпей-ақ, әлеуметтік нан пісіруге арналған ұнды жедел түрде жеткізе бастады.

ӘМАТ бағалары жөніндегі кеңесте өңірлердегі өнімсіз делдалдарды жою жағдайына ерекше назар аударылды. Мәселені егжей-тегжейлі талдау үшін Серік Жұманғарин БҚДА-ға келесі кеңесте монополияға қарсы органның әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының нарықтарын және өндірушіден сауда желілеріне дейінгі азық-түлік жеткізу тізбегін талдау бөлігінде жұмыс нәтижелерін ұсынуды тапсырды.

Серіктес жаңалықтары