Саудияда жүрген 33 қазақстандық елге оралды
100-ге жуық азамат өз еркімен сол елде қалды

Азаматтарымызды шет елдерден қайтару жөніндегі іс-шаралар шеңберінде, ҚР Қорғаныс министрлігі мен Сыртқы істер министрлігінің, сондай-ақ Сауд Арабиясының мемлекеттік органдарының бірлескен күш-жігерімен 24 наурызда аталмыш елден бірнеше қазақстандық елге оралып, 100-ге жуық азамат өз еркімен қалды. Бұл туралы ресми ақпаратты coronavirus2020.kz порталы хабарлады.
«Қазақстанның әскери-әуе күштері әскери-көлік авиациясының атсалысуымен Қазақстанның 33 азаматы Джидда - Ақтау бағыты бойынша аман-есен үйлеріне оралды. Бұл азаматтар Корольдіктің аумағында болған және Сауд билігі COVID-19 таралуына қарсы шаралар қабылдау аясында шектеу шараларын енгізіп, халықаралық әуе, жер үсті және теңіз қатынастарына толық тыйым салу салдарынан елден шыға алмай қалған», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ Корольдіктің түрлі қалаларында жұмыс істейтін 100-ге жуық азамат өз еркімен сол елде қалды.
«Қазіргі уақытта Сауд Арабиясының аумағында Қазақстанның 100-ге жуық азаматы өз еркімен қалды, олардың көпшілігі келісім-шарт бойынша Корольдіктің түрлі қалаларында жұмыс істейді, оның ішінде туристік визамен келген және Мекке мен Медина қалаларында уақытша жүрген 11 адам бар. Елшілік пен Бас консулдық аталған азаматтармен тұрақты байланыста», - деп хабарлайды.