$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Судың көлемі алдағы уақытта да азая бермек»: Смайылов қандай бассейндер көрші елдердің  суына тәуелді екенін айтты

Елімізде судың 65%-ы ауыл шаруашылығына жұмсалады

«Судың көлемі алдағы уақытта да азая бермек»: Смайылов қандай бассейндер көрші елдердің  суына тәуелді екенін айтты
Фото ашық дереккөзден

Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов вегетациялық кезең туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Вегетациялық кезеңді тиімді өткізу түптеп келгенде егіннің түсімі мен елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей байланысты. Суармалы жерлердің көп бөлігі еліміздің оңтүстік өңірлерінде орналасқан.

Олар жыл сайын су тапшылығының зардабын тартып келеді. Арал-Сырдария және Шу-Талас бассейндері негізінен көрші елдерден келетін ағын суға тәуелді. Ғылыми болжамдарға сәйкес, судың көлемі алдағы уақытта да азая бермек. Яғни, 2040 жылға қарай су тапшылығы жылына шамамен 15 текше километрді құрайтын болады. Сондықтан судың басында отырған елдермен халықаралық шарттарға сәйкес міндеттемелерді сақтау мәселесі бойынша жұмысты күшейту қажет», - деді Премьер-министр.

Ол атағандай, тиісті инфрақұрылымның жоқтығы, сондай-ақ жұмысты ұйымдастыру мәселесінде өзіміздің ішкі кемшіліктеріміз де су саласындағы негізгі проблемалардың бірі болып отыр.

«Бұл жерде бірінші кезекте, өзімізде бар су қорын үнемдеп, тиімді пайдалану мәселесін бір жүйеге келтіру қажет. Елімізде судың 65%-ы ауыл шаруашылығына жұмсалады.

Алайда, сол судың жартысына жуығы техникалық жағдайы әбден ескірген каналдардан егістікке жеткенше құмға сіңіп, ысырап болуда. Бұл – үлкен шығын.

Мысалы, Түркістан облысындағы К-30 каналының техникалық жағдайы бәріне белгілі. 12 жылдан асты, күрделі жөндеу жұмыстары сонда да аяқталмай келеді.

Қызылорда облысының егіншілері тәуелді болып отырған сол жағалаудағы магистральдық канал бойынша да жағдай осындай», - деді Смайылов.

Оның айтуынша, мұндай мысалдар елдің оңтүстік аймақтарында өте көп.

«Негізінде, жаз айларында судың шығыны 10-15%-дан аспауы тиіс. Ол үшін барлық суару каналдары мен су қоймаларын жөнге келтіру қажет. Ондағы барлық процестерді міндетті түрде автоматтандырып, цифрландыру керек.

Әсіресе, суармалы суды барынша ұтымды пайдалану мәселесі басты назарда болуы тиіс. Ол үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру жұмыстарын күшейтуі қажет. Суармалы су тарифтеріне қатысты мәселе көп. Мемлекет басшысы қолданыстағы тарифтер суды үнемдеп жұмсауға ынталандырмай отырғанын баса айтты. Сондықтан бұл саладағы тарифтік саясатты қайта қарап, адамдардың суға деген көзқарасын дұрыс қалыптастыру қажет», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары