Смайылов көлеңкелі экономика деңгейі жоғары өңірлерді атады
Жұмыспен қамту деңгейі аз өңірлер де бар
Үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов бизнеске бөлінетін субсидия жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Биылғы 5 айдың өзінде жалпы құны шамамен 440 млрд теңгені құрайтын 6 мыңнан астам жобаға субсидия бөлінді.
Сонымен қатар, тағы 144 млрд теңгеге 4 мыңнан астам жобаға кепілдік берілді.
Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде өткен жылдың қорытындысы бойынша Жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 33%-тен 36,5%-ке дейін өсті. Осындай қарқынды сақтауымыз керек», - деді ол.
Сонымен қатар, ол кейінгі 2 жылда 4 облыста шағын және орта бизнесте жұмыспен қамту қарқыны бәсеңдеп кеткенін айтты.
«Бұлар – Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары.
Аталған өңірлердің әлеуеті шағын және орта бизнесті дамытуға, ондағы жұмыспен қамтылғандар санын көбейтуге де толық жетеді. Сондай-ақ бірқатар өңірлерде көлеңкелі экономиканың деңгейі жоғары болып отыр. Бұлар – Алматы, Атырау, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары, сондай-ақ Астана және Алматы қалалары. «Көлеңкеден» шығу көбінесе бизнесті жүргізу жағдайларын жеңілдету және қолайлы бизнес-орта қалыптастыру ісіне тікелей байланысты», - деді ол.
Смайылов атағандай, көлеңкелі экономиканы қысқарту бойынша шараларды күшейту қажет.
«Тиісті кешенді жоспар бар, ол нақты орындалуы керек. Сонда ғана біз осы бағытта жүргізілген жұмыстың нәтижесін көретін боламыз. Бүгінде әлемдік экономикадағы күрделі ахуал біздегі ішкі нарыққа да әсерін тигізіп отыр.
Бұл сонымен бірге еліміздің алдында жаңа мүмкіндіктер ашады», - деді ол.