Смайылов мемлекеттік қарызды азайту бойынша қандай жұмыс атқарылып жатқанын айтты
Премьер-министр бұл мәселе Үкіметтің бақылауында екенін айтты
Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар Үкіметтің 2022 жылғы бюджет есебін талқылап жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Депутат Анас Баққожаев Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа мемлекеттік қарыз бойынша сұрақ қойды.
«Әлихан Асханұлы, мемлекеттік борыштың көлемін азайту үшін қандай шараларды қолданып жатырсыздар?Сондай-ақ мемлекеттік борышқа байланысты орташа және ұзақ мерзімдегі перспективалар бойынша болжам қандай?», - деді ол.
Премьер-министр Әлихан Смайылов мемлекеттік борышты азайту мәселесі Үкіметтің тұрақты наразарында екенін айтты.
«Осы саладағы жұмыс халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді. Қазір борыш қауіпсіз деңгейінде қалыптасып отыр. Ол жалпы ішкі өнімнің 24,7% құрайды. Мемлекеттік борышты азайту және оған байланысты бюджет шығыстарын азайту мәселесін шешу үшін Үкімет бірқатар шара қабылдап жатыр. Біріншіден, республикалық бюджеттің тапшылығын жалпы ішкі өнімге 2,7%-дан кезең-кезеңімен әрі қарай төмендету. Ол жаңа қарыздарды алуға және шығыстардың өсуін шектеуге мүмкіндік береді. Екіншіден, бюджеттің өз кірісін ұлғайту. Ол үшін салықтық және кедендік әкімшілендіру жетілдіріледі, цифрландыру жалғасады», - деді Смайылов.
Оның айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша республикалық бюджеттің өз кірісі 42% өсті.
«Биылғы өсім 40% болады деп жоспарлап отырмыз. Осындай жоғары қарқынды әрі қарай қамтамасыз етуіміз керек. Үшіншіден, қарызды негізінен ішкі нарықтан теңгемен алуға басымдық беріп отырмыз. Ол валюталық тәуекелді азайтуға мүмкіндік береді. Төртіншіден, мемлекеттік бағалы қағаздарды халықаралық индекстерге енгізу. Соның негізінде халықаралық депозитарийлерді тарту. Ол бізге шетелдік инвесторларды кеңінен ішкі қор нарығына тартуға мүмкіндік береді және қарыз алудың құнын төмендетеді. Жалпы алдағы 5 жылда мемлекеттік борыш қауіпсіз деңгейде қалыптасады. Жалпы ішкі өнімнің 25%-нан аспайды деп болжап отырмыз», - деді Әлихан Смайылов.