Үкімет бұрынғы жұмыс тәртібін түбірімен жою қажет – Елнұр Бейсенбаев

Аягөз Құрмаш

Жария етілген көптеген міндеттемелер әлі де баяу іске асып келеді

Үкімет бұрынғы жұмыс тәртібін түбірімен жою қажет – Елнұр Бейсенбаев
Фото ашық дереккөзден

«AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі, депутат Елнұр Бейсенбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында игерілмеген қаражат туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Оның айтуынша, жұмыссыздықпен күресу үшін бюджеттен жылына кемі 100 миллиард теңге бөлінеді. Қаржы игеріледі, бірақ нәтиже жоқ.

«Республикалық бюджеттің тек 49 проценті ғана нақты табыспен, тұрақты қаражатпен қамтамасыз етілген. Қалғаны қарыз бен Ұлттық қордың қаражаты. Бұл - қауіпті көрсеткіш. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының республикалық бюджет Ұлттық қордың қаражатын пайдалануға негізделмеуі тиіс деген тапсырмасына қарамастан, 2021 жылы 4,5 трилион, 2022 жылы 4,6 трилион теңгеден астам қаражат жұмсалды. Бұл - 22 миллиард АҚШ доллары. Ұлттық қордағы қаржы өте белсенді пайдаланылып жатыр. Бүгінде республикалық бюджеттің 28%-і Ұлттық қордың қаражатынан жабылды. Бұл - бюджеттің үштен бір бөлігі», - деді ол.

Бейсенбаев атағандай, бүгінде Ұлттық қордың активтері 56 миллиард АҚШ долларынан асса, ал мемлекеттің қарызы 54 миллиардтан асады.

«Бұл сомаға квазимемлекеттік сектордың тағы 42 миллиард доллар қарызын да қосуға болады. Ал Үкіметтің қарызын өтеу мен оның қызметіне жыл сайын шамамен 7 млрд АҚШ долларын жұмсаймыз. Біз әлі де қарызға өмір сүріп келеміз. Баланс теріс. Біле білсеңіздер, келер жылдан бастап Ұлттық қордан балалардың есепшоттарына нақты инвестициялық табыс жинақталады. Яғни қор мүмкіндіктерін қазіргідей пайдалана алмаймыз. Республикалық бюджеттен квазимемлекеттік секторды қаржыландыру көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 42%-ға өсті, 800 миллиард теңгеге өсті. Квазимемлекеттік сектордың барлық субъектілері таза кіріс сомасынан республикалық бюджетке дивидендтер аударымдарының 70% мөлшерін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы тағы орындалмады. Ондаған жыл бойы жалғасып келе жатқан мемлекеттік қолдау нәтиже беруі керек. Квазимемлекеттік секторда қарыздық жүктеме өсуде, ал дивидендтер республикалық бюджет кірістерінің шамалы бөлігін құрайды. Басқарушы холдингтердің қызметі ашық емес, олардың ашық есебін көру қиын. Әлі күнге дейін оларды сүйреп келумен әлекпіз», - деді ол.

Депутат атағандай, бюджетті игеруде негізгі мәселе – жұмыстың сапалы орындалмауында.

«Бұл әсіресе, бюджет қаржысын игеру ісінде қатты байқалады. Көрсеткіштер жұмыстың сапалы орындалып нәтижеге қол жеткізуінде емес, ал тапсырманы дер кезінде бақылаудан алуға баса мән беретіндей көрінеді. Иә, сөз басында біз бюджеттің орындалуындағы проблемаларға назар аудардық, дегенмен Үкімет тарапынан атқарылған біраз жұмыстың бар екені анық. Әлемдік жағдайдың күрделене түсуіне қарамастан, еліміздің экономикалық санкцияларға түспей, керісінше, сыртқы сауда қарым-қатынастың едәуір артқаны байқалады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша сыртқы сауда айналымы ең жоғары деңгейге жетіп, 134 млрд долларды құрады. Ұлттық экономикамыз 3,3%-ға нақты өссе, инвестиция көлемі шамамен 8 процентке ұлғайды. Республикалық бюджетке түсетін түсімдер өткен жылғы деңгейге қарағанда 24%-ға ұлғайып, толық көлемде орындалды. Халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелер толық көлемде орындалып, уақытылы пенсия, әлеуметтік жәрдемақылар төленіп келеді», - деді ол.

Бейсенбаевтың айтуынша, бізге жан-жақты ойластырылған әрі теңгерімді бюджет саясаты керек.

«Әрине, мәселе жетерлік. Жария етілген көптеген міндеттемелер әлі де баяу іске асып келеді. Оны мойындауымыз керек. Сондықтан Үкімет бұрынғы жұмыс тәртібін түбірімен жою қажет деп есептейміз. Осы орайда, негізгі мақсат бюджет қаражатын игеру емес, ал нақты нәтижеге қол жеткізуді басты индикатор ретінде қарастыру керек. Сондықтан бізге жан-жақты ойластырылған әрі теңгерімді бюджет саясаты керек. Жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, «AMANAT» партиясының Фракциясы Үкіметтің 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін аталған ескертулермен бекітуге болады деп есептейді», - деді ол.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.