Шаруалардың дені Qoldau жүйесін қолдамайды

Автор: Azattyq Rýhy

Субсидиялау мәселесі бойынша тағы да кеңес отырысы өтті

Фото: ашық дереккөзден

Соңғы уақытта биік мінберлерден аграрлық секторға қатысты жиі сын айтылып жүр. Сенат төрағасы Дариға Назарбаева «Аграрлық сектордағы ЖІӨ үлесі 10 жыл ішінде 5 пайыздан асқан жоқ, ал соңғы жылдары тұрақты түрде төмендеп келеді» деген уәж келтірсе, Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев субсидия беру ережелерінің жиі өзгеріп, шаруаларға қолдан қиындық тудырып жатқандығы туралы айтты. Ал «Атамекен» ҰКП басшысы Тимур Құлыбаев «Ауыл шаруашылығы субсидияларының тиімділігі нөлге тең» деп батырып айтты.

Кеше бизнес және мемлекеттік орган өкілдерінің қатысуымен «Атамекен» ҚР ҰКП кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Талқыға түскен тақырып – агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауда кәсіпкерлердің құқығы мен заңды мүддесін сақтау мәселесі.

«Бүгінгі отырыс кәсіпкерлердің субсидияға қатысты көп шағымдануына байланысты өтіп жатыр. Кәсіпкерлер құжатты рәсімдеу жұмыстарының қиындығына, субсидияның қолжетімсіздігіне, өтінім қарауда бопсалау да кездесетінін айтып, шағымданды. Субсидиялаудың болмауынан көптеген қожалықтар қаржылық қиындықтарға тап болып, банкрот болудың алдында тұр», - деп мәлімдеді жиынды ашқан «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрағасы Қайырбек Сүлейменов.

Селекторлық байланыс арқылы өткен кеңес отырысына Қарағанды, Қызылорда және Қостанай облыстарындағы шаруа қожалық басшылары қатысып, агроөнеркәсіп кешенін субсидиялаудағы басты кедергілерді айтты. Олардың айтуынша, соңғы бес жыл ішінде 47 мәрте өзгеріске ұшыраған субсидиялау ережесі шаруаларды әбден шаршатқан. Ережедегі талаптардың тұрақсыздығы, жиі өзгеріске ұшырауы ұзақ мерзімді жоспар құруға, шығарылатын өнімнің тиімділігін есептеуге мүмкіндік бермейді екен. Айтуларынша, мемлекеттік қолдау тек ірі кәсіпорындарға ғана жасалып, шағын және орта бизнес көп жағдайда бұл көмектен тыс қалып отыр.

Кеңес барысында Qoldau субсидиялаудың ақпараттық жүйесі арқылы іске асырылатын субсидиялауға өтінімдерді электрондық форматта тіркеу шаруалар үшін тиімсіз екені айтылды. Шаруалар Qoldau ақпараттық жүйесіне әрбір мал басы үшін 500 теңгеден төлейді екен. Есептеп қарасақ, бір шаруаның 100 бас сиыры немесе қойы болса, ол 50 мың теңге төлеуге міндеттеледі.   

«Заң мәтінінде АӨК-ті субсидиялау – мемлекеттің құқығы емес, жауапкершілігі делінген. Субсидиялау жүргізілетін бағыттардың нақты тізбесі анықталған, оларды қысқарту немесе шектеу заңмен ғана жүзеге асады. Осылайша, заңға бағынышты актімен аталған баптың қызметі шектеліп отыр», – деп атап өтті Қайырбек Сүлейменов.

Кеңес мүшелері Ауыл шаруашылығы министрлігіне Qoldau ақпараттық жүйесінің қызметін егжей-тегжейлі регламенттеуді тапсырып, сондай-ақ АӨК-ті субсидиялау жұмыстарын жетілдіру бойынша нақты шара қолдануды ұсынды. Осыған ұқсас ұсыныстар әкімдіктерге де жасалды.  

Естеріңізге сала кетейік, соңғы уақытта елдегі шаруалар субсидиялаудағы олқылықтар жайлы жиі мәселе көтеріп жүр. Мәселен, 2019 жылдың қараша айында өздеріне тиесілі субсидияны ала алмаған ақтөбелік шаруалар наразылық көрсетті. Мұндай наразылықтар Алматы облысында да болды.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан