Елімізде 2023 жылы 23,4 млн га алқапқа егін егу жоспарланып отыр
Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 68,6 мың гектарға артық
Облыс әкімдіктері деректеріне сәйкес 2023 жылғы егіс алқаптары бойынша болжам жасалды. Мәселен, биылғы жалпы егіс алаңы 23,4 млн гектар болып отыр. Сондай-ақ дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың егіс алаңдарын 117 мың гектарға, азықтық дақылдар алаңдарын 36,5 мың гектарға және қант қызылшасы алаңдарын, 6,7 мың гектарға ұлғайту көзделіп отыр. Бұл туралы ОКҚ алаңында ҚР ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек баяндады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
КӨКТЕМГІ ЖҰМЫСТАРДЫ ЖҮРГІЗУГЕ ӨҢІРЛЕРГЕ 413,0 МЫҢ ТОННА ДИЗЕЛЬ БӨЛІНДІ
Нарық конъюнктурасының өзгеруіне байланысты мақсары, соя және қыша сияқты кейбір майлы дақылдар егілетін алаңдар шамалы қысқарады деп болжануда. Сонымен қатар күнбағыс сияқты әлеуметтік маңызы бар дақыл алқаптарын 30,8 мың гектарға ұлғайту жоспарланып отыр. Көкөніс, бақша және картоп бойынша егіс алқабын 11,1 мың гектарға ұлғайту жоспарлануда. Ылғалды көп қажет ететін дақылдарға келетін болсақ, биыл өткен жылмен салыстырғанда мақта алаңының 14,8 мың гектарға азаяды деп болжанып отыр, ол 111,4 мың гектар болмақ.
«Сонымен қатар Үкіметтің суды көп қажет ететін дақылдар алаңын азайту жөніндегі тапсырмасына қарамастан, күріш алаңдары өткен жылмен салыстырғанда 7,6 мың гектарға ұлғайған. Жалпы астық, көкөніс-бақша, картоп бойынша жоспарланған алаңдар ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді Ә. Тамабек.
Маңызды міндеттердің бірі – топырақта ылғалдың жиналуы және оны ұтымды пайдалану шараларын жүргізу. «Қазгидромет» РМК деректері бойынша 21 ақпан және 1 наурыз аралығында республика аумағының басым бөлігінде жауын-шашын нормаға жақын және одан да көп түскен. Ең көп жауын-шашын батыста, солтүстікте, шығыста және оңтүстік-шығыстың таулы және тау етегіндегі аудандарында және оңтүстіктің кей жерлерінде болды. Қалған аумақта жауын-шашын нормадан аз болды.
«Көктемгі егіс жұмыстарын оңтайлы мерзімде сапалы жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қажетті ресурстармен қамтамасыз етілуде. Егіс науқанын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы құралымдарында 149,8 мың трактор, 4,9 мыңнан астам жоғары өнімді егіс кешені, 76 мың тұқым сепкіш, 219 мың топырақ өңдеу құралы бар», — деді ауыл шаруашылығы вице-министрі.
Ауыл шаруашылығы вице-министрінің айтуынша, көктемгі жұмыстарды жүргізуге өңірлерге 413,0 мың тонна дизель отыны бөлінді, бұл өткен жылғы деңгейден 13,0 мың тоннаға көп. Энергетика министрлігімен бірлесіп, облыстарды мұнай өңдеу зауыттарына бекіту кестесі және мұнай өңдеу зауыттарымен ақпан айына белгіленген баға тоннасына 222,0 мың теңге немесе литріне 184 теңге болып бекітілді.
Қазіргі уақытта тиеп-жөнелту кестесіне сәйкес өңірлік операторлар ақпан айындағы 79,6 мың тонна немесе жоспардың 98%-ына (жоспар – 81,0 мың тонна) толығымен дерлік төлем жасады, 55,6 мың тонна немесе 69% тиеп-жөнелтілді. Ауыл шаруашылығы министрлігі өңірлерге дизель отынның тиеп-жөнелтілуіне күнделікті мониторинг жүргізеді.
«Сонымен қатар өңірлердегі қоймаларда тұқым қоры жиналған. 2023 жылға облыстардың жергілікті бюджеттерінде тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялауға 11,4 млрд теңге көзделген», — деді Әбілхайыр Тамабек.
Тақырып бойынша Ауыл шаруашылығы министрілігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Асқар Жақыпбаев баяндама жасады.
«Мемлекет басшысының ветеринария жүйесін реформалау жөніндегі тапсырмасын орындау барысында Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық қызметке талдау және аудит жүргізді, ветеринария салаcын жетілдіру бойынша нақты шаралар әзірленді, олар сараптамалық қоғамдастықпен, бизнеспен, салалық қауымдастықтармен және мемлекеттік органдармен бірнеше рет талқыланды», — деді А. Жақыпбаев.
Қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін ветеринария жүйесін реформалау бойынша ұйымдастырушылық іс-шаралар жоспары (жол картасы) бекітілді, оған барлығы 55 іс-шара кіреді.
ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІҢ ТИІМДІЛІГІН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ЗАҢ ЖОБАСЫ
Парламент депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ветеринария мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына бастамашылық жасады, ол ветеринария саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруге, ұзақ мерзімді кезеңде ветеринариялық қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Заң жобасы орталық пен өңірлер арасындағы өкілеттіктерді бөлу, процестерді цифрландыру, деректерді жинау мен беруді автоматтандыру, кадрлар даярлау жүйесін жетілдіру және ветеринария саласындағы мамандардың жалақысын арттыру, оларға әлеуметтік қолдау шараларын көрсету арқылы ветеринария жүйесін реформалауды көздейді.
Асқар Жақыпбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта заң жобасын Үкімет қорытындылап жатыр, мүдделі мемлекеттік органдардың ескертулері мен ұсыныстарын пысықтау жұмыстары жүргізілуде.
Жол картасында процестерді цифрландыру, деректерді жинау мен беруді автоматтандыру блогы үш негізгі бизнес процестен тұрады:
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖАНУАРЛАРЫН БІРДЕЙЛЕНДІРУ
Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру үшін құлақ сырғаларын сатып алу функциясын жергілікті атқарушы органдарға беру ұсынылуда. Бұл ретте жеке қосалқы шаруашылықтарға тиесілі жануарлар үшін құлақ сырғалары өтеусіз берілетін болады, өйткені құлақ сырғаларын сатып алу бюджет есебінен жүзеге асырылмақ. Ал ұйымдасқан шаруашылықтар (шаруа қожалығы, фермерлік қожалық, жауапкершілігі шектеулі серіктестік және т.б.) өз қаражаты есебінен ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіреді және оған арналған атрибуттарды сатып алады.
Жергілікті деңгейде Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорында түзетулерді (өзгерістерді) жүзеге асыруға мүмкіндік беретін қағидаларға өзгерістер енгізілуде.
2022 жылғы қазаннан желтоқсанға дейін Батыс Қазақстан облысында пилоттық режимде «VET-MOBILE» мобильдік қосымшасы тестілеуден өтті, 2023 жылғы 20 ақпаннан 20 наурызға дейін Түркістан облысында пилот іске асырылуда, оның аясында ветеринарлық дәрігер үшін:
- жануарлардың иелері бойынша мәліметтерді есепке қою, есептен шығару және қарау;
- алынған қан сынамалары бойынша тізімдеме жасау, ілеспе хатты ресімдеу және жануарларды диагностикалық зерттеу жүргізу үшін электрондық форматта қан алу актісі;
- «офлайн» режимде одан әрі пайдалану үшін жануарлар бойынша деректерді жүктеу (офлайн деректерді жүктеу) қарастырылған.
Бұл мүмкіндік мал иелеріне малды уақытылы бірдейлендіруге, ветеринариялық паспорт беру бойынша мемлекеттік қызметті алуға, союға, сатуға жіберуге мүмкіндік береді және жануарлар мен олардың иелерінің мәліметтеріндегі қателіктерді жоюға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне арналған ИСЖ мобильді қосымшасы әзірленуде. Биыл осы бағыттағы жұмыстар аяқталатын болады.
«Биыл облыстардағы құлақ сырғаларының жұмсалуын бақылауға және жеткізушілерге жедел беру үшін цифрлық разрядтарды автоматты түрде генерациялауға және жануарларды бірдейлендіру үшін эмиссиялық нөмірлерді алудың ұзақ рәсімін болдырмауға арналған “Процессингтік орталық” модулін пилоттық режимде іске қосу және енгізу жоспарлануда», — деді Асқар Жақыпбаев.
Комитет төрағасының айтуынша, бұл шаралар қағаз форматын алып тастауға, жұмысты жеңілдетуге, сынамаларды қабылдау және нәтижелерді беру процесін автоматтандыруға, сондай-ақ зерттеу нәтижелерін қалыптастыру және қолайсыз пункттерді жою кезінде адами факторды болдырмауға мүмкіндік береді.
ВЕТЕРИНАРИЯ САЛАСЫНДА РҰҚСАТ ҚҰЖАТТАРЫН БЕРУ
«E-AGRICULTURE» агроөнеркәсіп кешенінің салаларын басқарудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесі (бұдан әрі – ЕАСУ), технологиялардың, бизнес-процестердің, нарықтың және оның талаптарының өзгеруіне байланысты ЕАСУ өзгертілуде, өйткені «ескі» ЕАСУ архитектурасы ескірген (монолиттік архитектура 2008 жылы әзірленген).
Бүгінде сервистік архитектураға көшумен ЕАСУ модификациясы аяқталды (шешімді құрудың сервистік тәсілі, ол салыстырмалы монолитті тәсілді әзірлеуге икемділік береді және аз еңбекті қажет етеді), GO бағдарламалаудың жаңа тіліне қайта жазылды, бұл қажет болған жағдайда бизнес-процестердің өзгеру икемділігін білдіреді. Демонстрациялар өткізіліп, жүйенің қолданыстағы барлық рөлі тексерілді. Бүгінгі таңда жүйе өндірістік пайдалануға берілді.
ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ ІС-ШАРАЛАРДЫ ЖҮРГІЗУ
«Ауыл шаруашылығы жануарларын уақытылы диагностикалау және вакциналау үшін заңнамалық деңгейде отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу мүмкіндігімен ветеринариялық препараттарды сатып алуды алып тастау мәселесі пысықталуда. Бұл шара қажетті уақытта өзекті штамдары бар вакциналар мен диагностикумдардың қажетті көлемде болуына мүмкіндік береді, өйткені әлемде және Қазақстанға іргелес елдерде эпизоотиялық жағдай үнемі өзгеріп отырады», — деді Асқар Жақыпбаев.
Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының мәліметінше, әкімдіктер қабылдаған шараларға қарамастан, ветеринариялық дәрігерлердің жалақысы төмен болып отыр, бұл орташа айлық атаулы жалақыдан 36%-ға аз (республика бойынша орташа жалақы 312 мың теңгені, ал жоғары білімі бар ветеринариялық дәрігерлерде 126 мыңнан 252 мың теңгеге дейін). ЖАО ақпараты бойынша 2021 жылмен салыстырғанда ветеринарлық мамандардың жалақысы республика бойынша орташа есеппен 50,3%-ға өсті. Жалақының өсуіне үкімет резервінен 9 облыс (Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстары және Ұлытау облыстары) үшін 6 млрд теңгеден астам қаражат бөлу әсер етті.
«Сонымен қатар заңнамалық деңгейде 1 және 2 патогендік топтардың патогенді биологиялық агенттерімен жұмыс істейтін ветеринариялық мамандарға кемінде екі лауазымдық жалақы мөлшерінде еңбекақы мен сауықтыруға арналған жәрдемақыға 35% және 50% қосымша ақы түрінде әлеуметтік қорғау көрсетуге мүмкіндік беретін норма қабылданды. Бұл мақсаттарға бюджетті нақтылау кезінде 9,2 млрд теңге қарастырылуда», — деді Асқар Жақыпбаев.
Заң жобасы шеңберінде ветеринариялық дәрігердің мәртебесі мен нормативтік жүктемесін айқындау, жалақыны, қосымша ақыларды, үстеме ақыларды және әлеуметтік қолдау шараларын ұлғайту көзделеді.
«Жоғарыда аталған шараларды іске асыру ветеринарлық дәрігер мамандығының тартымдылығын арттыруға, оларды өздеріне тән емес функциялардан және қағазбастылықтан босатуға мүмкіндік береді. Ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралардың сапалы вакциналармен және диагностикумдармен уақытылы жүргізілуін, елдегі қолайлы эпизоотиялық жағдайды қамтамасыз етеді. Бұл Ауыл шаруашылығы министрлігінің ветеринария жүйесін жетілдіру бойынша негізгі тәсілдері», — деді ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Асқар Жақыпбаев.