Қазақстан Сирияға 50 тонна гуманитарлық көмек жібереді
Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады
Қазақстан жер сілкінісінен зардап шеккен Сирияға 50 тонна гуманитарлық көмек жібереді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үкімет үйінде ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен Халықаралық гуманитарлық көмек мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті.
«Отырыста жойқын жер сілкіністерінен зардап шеккен Сирия Араб Республикасына 50 тонна гуманитарлық көмек жіберу туралы шешім қабылданды. Мемлекеттік материалдық резервтен консервіленген өнімдер, жылы киім-кешектер, қысқы шатырлар, кереуеттер мен төсек-орын жабдықтары бөлінеді», - делінген Үкімет хабарламасында.
Жүк Ислам ынтымақтастығы ұйымының желісі бойынша Алеппо қаласына төрт әуе рейсімен жеткізілмек.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Сирияға гуманитарлық көмек көрсету туралы тапсырма берген болатын.
Тақырыпқа орай: Түркияда жер сілкінісінен соң жоғалып кеткен Мирболат Құрмашевтің денесі табылды
Еске салайық, 6 ақпанда таңертең Түркия мен Сирияда бірнеше күшті жер сілкінісі болып, жерасты дүмпулерінің күші 7,8 баллға жетті.
Соңғы мәліметтер бойынша, Түркияда қаза тапқандар саны 17 674-ке жетсе, Сирияда 1 347 адам жер сілкінісінің құрбаны болды.