Мектептерге қарасты спорт ғимараттары тендерсіз жалға беріледі – БҒМ
Жалдау құнын ұлттық экономика министрлігі бекітеді
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мектептерге бекітілген дене шынықтыру-сауықтыру және спорт ғимараттарын жалға беру ережесінің қабылданғаны туралы мәлімдеді. Жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың нысандарды жалға алу мүмкіндігі бар деп хабарлайды Azattyq Rýhy министрлікке сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, жалға алу нысандары сабақтан тыс уақытта және демалыс кезінде келесі бағыттар бойынша сәйкес беріледі:
- қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыру (балалар мен жасөспірімдер шығармашылығын дамыту, спорт саласындағы бейімділіктер мен қызығушылықтар);
- дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық іс-шараларды өткізу.
«Дене шынықтыру-сауықтыру және спорт нысандарын жалдау туралы хабарландырулар www.gosreestr.kz сайтында орналастырылған. Бұл процедура тендерсіз жүзеге асырылады. Нысандарды жалға беруге ниетті үміткерлер осы сайтта ережемен бекітілген үлгі бойынша өтінім береді,-делінген хабарламада.
Ал жалдау ақысын есептеу Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 17 наурыздағы № 212 бұйрығымен реттелмек.