Полицей стандарты әзірленіп жатыр – Тұрғымбаев
ІІМ халықпен жұмыс істеудің жаңа форматына көшпек

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев полицей стандарты әзірленіп жатқаны туралы хабарлады. Министрдің айтуынша, Ішкі істер органдарын реформалауға арналған 2019-2021 жылғы жоспарында «Халықпен жұмыс істеудің жаңа форматы» деген бағыт бар.
«Ішкі істер министрлігі үш ай ішінде қоғамның пікірін жинады. Осыған қарап жақында полицей стандартын бекітеміз. Онда азаматтармен қалай сөйлесу, видеоға түсіріп жатқанда өзін қалай ұстау, отбасылық жанжалдарда не істеу керектігі, қоғамдық тәртіп бұзушылық жағдайларындағы әрекеті туралы толық жазылған», - деді министр.
Министрдің айтуынша, бұрын Қазақстанда полицейлердің халықпен жұмыс істеу тәртібі туралы патрульдік қызмет жарғысы болғанмен, қазір ол стандарт жұмыс істемейді. Сондай-ақ бүгінде отандық ЖОО-лардың бағдарламасына Ішкі істер мамандарына арналған қызметкерлерді психологиялық даярлау, коммуникативтік дағдылар пәндері енгізілген.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан