Су жаңа вице-премьер Ералы Тоғжановтың дебюті
Ералы Тоғжанов алты күн бұрын Премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалған
Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін Нұр-Сұлтанда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алқа мәжілісі өтті. Оған төрағалық еткен – бұрынғы вице-премьер Бердібек Сапарбаевтың «ізбасары» - Ералы Тоғжанов.
Ералы Тоғжанов Қордай оқиғасынан кейін Жамбыл облысының әкімі болып кеткен Бердібек Сапарбаевтың орнына премьер-министрдің орынбасары қызметіне тағайындалып отыр. Алқа мәжілісінен соң бірнеше журналист Тоғжановты тоқтатып, жаңа қызметі туралы сұрауға тырысты.
Қазмедиаорталығының жеделсатыларына қарай асыққан Ералы Тоғжанов бұл қызметке Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен келгенін айтып үлгерді.
«Бұл Қасым-Жомарт Кемелұлының шешімі, ал менің тағайындалуыма қатысты басқа сұрақтардың барлығына сараптамалық қорытындылар жасалды», - деген ол Бердібек Сапарбаев бақылайтын әлеуметтік салалардың барлығы енді оның назарында екенін жеткізді.
Ал, осы уақытқа дейінгі қай мансабы вице-премьер ретінде сәтті жұмыс істеуіне қолғабыс етеді деген сұраққа ол «уақыт көрсетеді» деп қысқа ғана жауап берді.
Азаттық рухы тілшісі одан «азаматтардың зейнетақы қорындағы жинақтарын қалай пайдалануы мүмкін» екенін сұрады. «Осы мәселенің ішіне жақсылап енейік, сосын журналистерге ашық шығамын» деген ол лифтке кіріп кетті.
«Қоғам мен БАҚ-қа» ашық боласыз ба деген сұраққа лифтіге мініп кеткен вице-премьер «ия» деді.
Ал, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов бүгін кешке сарапшылар бас қосып, зейнетақы қорындағы жинақтың бір бөлігін азаматтардың жеке пайдасына беру туралы мәселені пысықтайтынын хабарлады.
«Сондықтан да алқа мәжілісінде осы мәселеге тоқталған жоқпыз», - дейді министр.
Айта кетейік, Жамбыл облысы Қордай ауданындағы жаппай төбелестен кейін жұмыс комиссиясына төрағалық етіп барға бұрынғы вице-премьер Бердібек Сапарбаев сол облыстың әкімі қызметіне ауысып кетті. Ал, премьер-министрдің су жаңа орынбасары Ералы Тоғжанов соңғы жылдары Маңғыстау облысының әкімі (2017-2019 жж), кейін Кәсіподақтар федерациясының төрағасы қызметтерін атқарған.