«Бұл жағдай бізге сабақ болу керек». Сапарбаев облыс басшысы ретінде алғашқы тапсырмасын берді
Жаңа облыс басшысы бұрынғы әкімнің тұсында басталған жобалардың жалғасын табатынын айтты
Жақында Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалған Бердібек Сапарбаев алғашқы аппарат кеңесін өткізіп, онда өңірдің экономикалық және әлеуметтік саясаттағы басым бағыттары туралы өз ойын ортаға салды. Бұл туралы Жамбыл облысының баспасөз қызметі хабарлады.
Өңірдің жаңа басшысы бұрнығы әкімнің (Асқар Мырзахметов – ред.) жұмысына жақсы баға беріп, сол қарқынды жоғалтпау керегін айтты.
«Ең басты талап – Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы және уақытылы орындау. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс жақсы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізді. Осы қарқынды төмендетпеу керек», - деді әкім.
Бердібек Сапарбаев Мырзахметовтың тұсында жүзеге асырыла бастаған ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру бойынша пилоттық жобаның міндетті түрде жалғасатынын айтып, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
«Ауыл тұрғындары жыл бойы жұмыспен қамтылып, егін шаруашылығымен де, мал шаруашылығымен де айналысуы керек. Бұл орайда пилоттық жобаға бөлінген 7,2 миллиард теңге толық көлемде игерілуі тиіс. Біз жобаның өміршеңдігін көрсетуіміз керек, бұл алдағы уақытта қаржыландыру көлемін ұлғайтуға және көп адамдардың материалдық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді», - деді облыс басшысы.
Жиын соңында Бердібек Сапарбаев жауапты мемлекеттік органдар Қордай ауданында болған оқиғалардан қорытынды шығару керектігін айтты.
«Бұл жағдай бізге сабақ болу керек. Осы секілді қайғылы оқиғалар алдағы уақытта қайталанбас үшін тиісті шешім шығара білуіміз қажет. Мемлекеттік органдар, жұртшылық пен интеллигенция өз күш-жігерін біріктіріп, қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтау бойынша жұмыс жүргізуі тиіс», - деп түйіндеді ол.