Шұғыл26 қазаннан бастап Қазақстанға ұшып келген жолаушылардың бәрінде ПТР анықтамасы болуы керек

«Жақсы емес пе». Қаржы министрі коронавирустың «пайдасын» айтты

Әлихан Смайыловтың пайымынша, Қытайға жоспарлаған турларынан бас тартқан қазақстандықтардың ақшасы елде қалып жатыр

Премьер-министрдің бірінші орынбасары - Қаржы министрі Ә.Смайыловтың айтуынша, коронаиврусқа қарсы күрес үшін үкімет резервінен 3,5 млрд теңгеге шамасында қаржы бөлінген.

«Қаражат қажетті медикаменттерді, сондай-ақ, маскалар мен басқа да құрылғыларды сатып алуға бөлінді. Шамамен 3,5 млрд теңге бөлінді, оның игерілуін денсулық сақтау министрлігі қадағалайды», - дейді ол.

Ал, вирус Қазақстанның экономикасына қандай да бір әсерін тигізе ме деген сұраққа жауап берген Смайылов «егер сауда-саттық тоқтаса, экономикаға зиян келетінін, ал, туризмнің тоқтауынан керісінше ақша Қазақстанның ішінде қалып жатқанын» айтты.

«Бюджетке салмақ түседі деп қалай айтамыз. Қазір біз вирус Қазақстанда тарап кетпеуі үшін шара қолданып жатырмыз. Егер, біздің шараларымыз тиімді болса, экономикаға салмақ түспейді. Көрші елдермен, бұл жерде Қытай елін айтып тұрмын, өзара қарым-қатынаста өте радикалды шаралар қабылдауға тура келсе, белгілі бір мөлшерде әсер етуі мүмкін.

Бірақ, қазір Қытаймен сауда саттық жасауға тыйым салынған жоқ. Туризм саласында белгілі бір шектеулер бар. Біз өз азаматтарымызға ол жаққа бармауға кеңес беріп отырмыз. Бұл біздің азаматтардың мүддесі үшін. Бірақ, Қытайдағы туризмнен Қытайға ақша түседі, егер біздің азаматтар ол жаққа бармаса, ақшамыз елде қалып жатыр. Бұл керісінше жақсы», - деді ол.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан