«Тек баннер ғана жасаттық». Бақыт Сұлтановтың министрлігі алқа мәжілісіне қанша шығын жұмсады?
Бүгін Нұр-Сұлтанда Сауда және интеграция министрлігінің алқа мәжілісі өтті

Бұған дейін Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы министрлер мен әкімдердің жыл басындағы есеп беруіне арналған алқа жиналыстарды «бос шығын», алқа мәжілісінде проблема емес, мақтау айтылады деп сынаған еді. Сонымен қатар, сенатор министрліктер алқа мәжілісін өткізу үшін бюджеттен бірталай ақша шығындайды деп те жазды.
«Өткен аптада екі министрліктің алқасына бір топ әріптестермен қатыстым. Өңірлерден кемінде екі мыңдай мамандар шақырылғанын көрдік. Бірақ шалғай ауылдардағы, аудандардағы мәселелер туралы келген адамдардың пікірлерін ести алмадық. Ал онда қордаланған дүние бастан асады. Тек министрлер мен оның орынбасарлары күнделікті айтылып жүрген жайларды тізбелеп айтып бергендей әсер қалдырды.
Мұндай жиналыстан қандай тиімділік күтуге болады? Қатысқан әріптестерім де осы пікірде болды. Тек екі министрлік бойынша екі мың адамның Нұрсұлтан қаласына екі күнге іс - сапармен келіп кетуі кемінде тәулігіне әрқайсысы 60 000 мыңнан деп есептесек, екі күнге екі мың адамға 120 млн. теңге қаражат шығады екен. Қаржы тапшылығы жағдайында осы қажет пе?», - деген депутат өзінің 2 ақпан күнгі жазбасында.
Сауда және интеграциялар министрі Бақыт Сұлтановтың да баяндамасы сенатор айтқандай «құрғак есеп пен қасаң цифрларға» толы болды. Оның үстіне, министр 30 минутқа созылған баяндамасының тек 4 минутын ғана мемлекеттік тілге арнап, қалғанын орыс тілінде баяндады.
«Аzattyq-ruhy» тілшісі Бақыт Сұлтановтан алқа мәжілісін өткізуге қанша шығын кеткенін сұрағанымен, министр бұл сұрақтың жауабын жауапты хатшы біледі деп Жәнібек Нөпіровке (жауапты хатшы - авт.) сілтеді. Айта кетейік, Сұлтановпен арадағы сұхбатты Мәжіліс депутаты Гүлжан Қарағұсова бөліп, кейін депутат пен министр БАҚ-тан алыс жерде өзара талқылау өткізді.
Жәнібек Нөпіров алқа мәжілісін ұйымдастыруда көп шығын кетпегенін айтты. Жауапты хатшының мәліметіне сүйенсек, министрлік аймақтан шақырылған 16 делегаттың жүріп-тұруына кеткен шығын мен мәжіліс өткен залдағы үлкен баннерді жасатуға жұмсалған қаржыны ғана төлеген.
«Нұр-Сұлтанда өткен жиынға басқа өңірлерден 16 адам қатысты. Олардың әрқайсына шамамен 50 мың теңге жұмсалды десек, барлығы 600 мың теңге шығын кетті», - дейді министрліктің жауапты хатшысы Жәнібек Нөпіров.